Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №14-0/5448-ВН ресми хаты негізінде, 2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және «Шаңырақ» ҚХА кафедраларының Ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен маңызды халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
2025 жылғы 18 наурызда өткен бұл халықаралық жиын «Орталық Азия елдері халықтарының этнологиясының өзекті мәселелері» тақырыбына арналды. Конференцияның басты мақсаты — Орталық Азия кеңістігіндегі халықтардың тарихи-мәдени мұрасын, этносаралық қатынастардағы ерекшеліктерді, ұлттық бірегейлік мәселелерін ғылыми тұрғыда зерделеу және этнология саласындағы заманауи ғылыми тәсілдер мен тұжырымдарды ортаға салу.
Ғылыми шараға Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Ресей, Түркия елдерінің жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, этнолог-ғалымдары, тарихшылары, мәдениеттанушылар, саясаттанушылар, докторанттар мен жас зерттеушілер қатысты. Сонымен қатар, этносаралық келісімді зерттеумен айналысатын отандық және шетелдік сараптамалық орталықтардың өкілдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясы институттарының қызметкерлері де ғылыми пікір алмасуға белсенді түрде атсалысты.
Конференция материалдары М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институтының «Тарих және этнология» ғылыми орталығы жанынан шығатын «QAZAQTANÝ» ғылыми журналының редакциялық талаптарына сәйкес қабылданды. Ұйымдастыру комитеті барлық ғылыми мақалаларды 2025 жылғы 28 ақпанға дейін қабылдап, сараптамалық іріктеуден өткізді. Іріктелген материалдар арнайы конференция жинағына енгізіліп, ғылыми айналымға ұсынылды.
Аталған конференцияның өткізілуі — Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мазмұнды ғылыми үлес қана емес, сонымен қатар этносаралық келісім мен мәдени әртүрлілікті ғылыми тұрғыда зерделеу арқылы қоғамның бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Іс-шара нәтижесінде халықаралық деңгейде жаңа серіктестік байланыстар орнап, алдағы уақытта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды.