Жаңалықтар Қоғам

БИЫЛ 138,5 ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан қаласы аумағында қазіргі таңда ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Қала әкімдігі 2025 жылға арналған жол жөндеу бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Жол инфрақұрылымын жаңарту тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету, көлік қатынасын жақсарту және қала келбетін арттыруға бағытталған.

Жоспар бойынша, 2025 жылы қосымша 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар толық аяқталған жағдайда, қалалық жолдардың сапасы айтарлықтай жақсарып, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға жетеді. Жөндеу жұмыстары тек негізгі магистральды жолдарға ғана емес, тұрғын үй массивтері мен ішкі орам көшелеріне де бағытталған. Мұндай кешенді тәсіл қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және көліктік инфрақұрылымды тиімді дамытуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Б.Майлин көшесін реконструкциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көшенің жалпы ұзындығы 1,98 шақырымды құрайды және жөндеу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылмақ. Бүгінгі күнге дейін 850 метр жол негізі дайындалып, 700 метр аумақта ескі асфальт жабындысы фрезерленді. Қазіргі уақытта 800 метр бөлікте жаңа асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны келесі жылы толық аяқтау жоспарланған, бұл көшенің көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы болуына мүмкіндік береді.

Жөндеу жұмыстары кезінде тек жол қабаты ғана емес, жол бойындағы тротуарлар, жаяу жүргіншілер өткелдері және жарықтандыру жүйелері де жаңартылуда. Қажетті жерлерде су ағысын реттейтін кәріз жүйелері орнатылып, жол бойындағы абаттандыру және жасыл желекті аумақтарды қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар қала инфрақұрылымын кешенді түрде жаңартуға, тұрғындарға ыңғайлы және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталған.

Түркістан қаласы әкімдігі жол жөндеу жұмыстарының сапасына тұрақты бақылау жүргізіп, жобалардың уақытылы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылуын қатаң қадағалауда. Барлық құрылыс нысандары мен техникалық жабдықтар сапа стандарттарына сәйкес қолданылуда. Сонымен қатар, тұрғындарға жөндеу жұмыстары кезінде уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарау ұсынылады. Жол учаскелерінде қозғалыс шектеулері мен кейбір аумақтарда көлік қозғалысының уақытша өзгерістері болуы мүмкін.

Қала жолдарының жаңартылуы тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттырып қана қоймай, көлік қатынасының тұрақтылығын, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қала келбетін жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан қаласын халықаралық стандарттарға сай, заманауи, қолайлы және қауіпсіз қалаға айналдыруға бағытталған стратегиялық бастамалардың бір бөлігі болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

82-ЛЕТНИЙ ЖИТЕЛЬ ШЫМКЕНТА СДЕЛАЛ СВОЙ ВЫБОР НА ИЗБИРАТЕЛЬНОМ УЧАСТКЕ

Bastynews

САУРАН АУДАНЫНДА 8000-НАН АСТАМ АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ ГАЗҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Bastynews

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК ШАРУАЛАР ӘР ГЕКТАРДАН 90 ТОННА ӨНІМ АЛУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР

Bastynews