Ақпарат Басты жаңалықтар Технология

ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ ФУТБОЛ СПОРТ МЕКТЕБІ АШЫЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде бұқаралық және кәсіби футболды дамытуға, спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған тапсырмалары аясында Түркістан облысында маңызды жоба жүзеге асырылуда. Осы бағытта жеке инвесторлардың қолдауымен Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол спорт мектебінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда нысанның негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев салынып жатқан спорт мектебінің ғимаратында болып, құрылыс барысымен танысты. Нысанды аралау барысында ол жауапты мердігерлер мен сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Айта келе, Мемлекет басшысының спортты, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасындағы спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

Балалар мен жасөспірімдер спорты – ұлт саулығының негізі. Соңғы жылдары Түркістан облысында балалар спорты қарқынды дамып келеді. Мұндай заманауи футбол мектептері жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашады. Сондықтан нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау аса маңызды, – деді Ертай Алтаев.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары спорт саласын дамытуға бағытталған барлық жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында екенін жеткізіп, бұл бастаманы қолға алған инвесторларға алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бекзат Саттарханов атындағы футбол спорт мектебі балалар футболын жүйелі дамытуға, жергілікті жерден іріктелген дарынды жас спортшыларды тәрбиелеуге және олардың республикалық әрі халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуына мүмкіндік беретін маңызды орталыққа айналады. Мұнда балалар мен жасөспірімдер кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен дайындалып, заманауи әдістемелер бойынша білім алады.

Спорт кешенінің жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды және 3 гектар аумақта орналасқан. Қазіргі таңда 68×120 метрлік ашық футбол алаңының құрылысы аяқталу сатысында. Сонымен қатар 200 орынға арналған жатақхана мен 550 адамға лайықталған оқу ғимаратының құрылысы толық аяқталған.

Алдағы уақытта кешен аумағында қосымша ашық футбол алаңын, жабық спорт залын және көпфункционалды спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде футбол мектебінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, Түркістан өңірінде спорттық резерв қалыптастыруға зор серпін береді.

Аталған жоба іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы футбол спорты жаңа деңгейге көтеріліп, болашақта ел намысын қорғайтын кәсіби футболшылардың қатары артады деп күтілуде.

Қатысты жаңалықтар

В Шымкенте прошли учения по гражданской защите «Қыс-2025»

bastynews

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОСПАРҒА САЙ ЖҮРУДЕ

bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАЛУАНДАРЫ РЕСПУБЛИКАДА ТОП ЖАРДЫ

bastynews