Түркістан облысының Жетісай ауданында азаматтарға қаржылық білім беруді мақсат еткен ауқымды ақпараттық семинар өтті. Шара – «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Семинардың басты міндеті – халықты жеке қаржыны дұрыс басқаруға, несие өнімдерін тиімді пайдалануға, қаржы алаяқтарынан қорғануға және заң алдындағы құқықтарын білуге үйрету. Сонымен бірге, қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға заңдық және психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету мәселелері де қамтылды.

Іс-шарада тұрғындарға келесі тақырыптар бойынша нақты әрі қолжетімді кеңестер ұсынылды:
• банктік шоттардың бұғатталу себептері мен оларды шешудің жолдары;
• несие тарихын қалпына келтіру жолдары;
• жеке төлем қабілеттілігін бағалау ережелері;
• алаяқтықтан қорғану тәсілдері;
• құқықтық көмекке жүгінудің тиімді жолдары.
Семинар барысында «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі Жандос Әзімбай мен педагог-психолог Шара Абдирахманова қатысушылармен өз тәжірибесімен бөлісіп, пайдалы мәліметтер ұсынды.
Заңгер маманның айтуынша, «Қаржылық сауаттылық – әр азаматтың қауіпсіздігі мен тұрақты өмірінің негізі. Өз құқығын білетін адам ғана сауатты қаржылық шешім қабылдай алады».

Психолог Шара Абдирахманова да қаржылық мәселелердің адам психологиясына тікелей әсері бар екенін айтып өтті. «Ақша мәселесі тек қалтаға ғана емес, адамның көңіл күйіне, отбасындағы қарым-қатынас пен әлеуметтік байланыстарына да ықпал етеді. Сондықтан қаржы мен эмоция арасында тепе-теңдік сақтау – өмір сапасын арттырудың бір жолы» – деді ол.
Кездесу соңында тұрғындар семинардың өте пайдалы болғанын айтып, мұндай шаралар өңірдің басқа ауыл-аймақтарында да жалғасын тапса деген ұсыныстарын білдірді.