Бүгінгі таңда «қаржы» мен «құқық» ұғымдары тек кәсіби мамандардың шеңберінде ғана шектелмейді. Бұл — әрбір қарапайым азаматтың күнделікті өмірінде кездесетін, ескерусіз қалса, үлкен қиындықтарға алып келетін маңызды салалар.
Кейде жай ғана бір несиені рәсімдеу кезінде заңды білмегеніміз үшін өзімізге зиян келтіріп жатамыз. Кейде алаяқтардың құрығына түсеміз, ал шот бұғатталса, кімге, қайда жүгінерімізді білмейміз. Осы олқылықтардың алдын алу үшін Түркістан облысы, Шардара ауданында тұрғындарға арналған қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ашық форматтағы семинар-кездесу өтті.

Іс-шараға арнайы шақырылған мамандардың бірі – «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі Жандос Әзімбай. Ол қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру – әрбір азаматтың қауіпсіз өмір сүруінің кепілі екенін атап өтті.
– Әр адам өзінің құқықтары мен міндеттерін нақты білуі керек. Бұл – тек заң алдындағы жауапкершілік емес, күнделікті өмірде қорған бола алатын білім. Алаяқтық, заңсыз несиелер, шоттардың бұғатталуы сияқты мәселелерден хабардар болу – азаматтық сауаттылықтың көрсеткіші, – деді ол.
Ал, педагог-психолог Шара Абдирахманова мәселенің тек құқықтық немесе қаржылық емес, психологиялық жағына да тоқталды.
– Қаржылық қиындықтар адамның ішкі тыныштығына әсер етеді. Күйзеліс, отбасыдағы жанжал, өз-өзіне деген сенімсіздік, кейде тіпті лудомания сияқты тәуелділікке ұрыну да осыдан басталады. Сондықтан қаржыны басқарумен қатар, эмоцияны басқаруды да үйрену маңызды, – деді психолог.
Іс-шара соңында тұрғындар мұндай кездесулердің жиі өтіп тұрғанын қалайтындарын жеткізді.