Соңғы жаңалықтар

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ТЕК БІЛІМ ЕМЕС, ӨМІР СҮРУ МӘДЕНИЕТІ

Бүгінде қаржы мен құқық салалары – тек мамандарға тән тар шеңбердегі ұғымдар емес. Бұл – әрбір азаматтың күнделікті өмірінде маңызды орын алатын, елеусіз қалса, үлкен қауіпке душар ететін негізгі тіректердің бірі.

Қарапайым ғана несие рәсімдеуден бастап, жеке шоттың бұғатталуына дейінгі жағдайлар – барлығы да адамның қаржылық әрі құқықтық сауаттылығын қажет етеді. Бұл сауаттылық болмаса, банк алдындағы қарыздар, алаяқтардың арбауы, заңсыз міндеттемелер сынды тығырыққа тірейтін жайттарға тап болу оңай.

Осы мәселені ескере отырып, Түркістан облысының Мақтаарал ауданында ашық форматтағы семинар-кездесу ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – тұрғындардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы олардың қауіпсіз әрі саналы өмір сүруіне жағдай жасау.

Семинарға арнайы шақырылған мамандар – өз саласының кәсіби өкілдері. Солардың бірі – «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі Жандос Әзімбай. Ол өз сөзінде қаржылық және құқықтық сауат – заманауи азаматтың негізгі қорғаны екенін баса айтты.

– Өз құқығын білетін адам – алаяқтан қорғана алады, заңсыз несие алудан аман қалады, банк алдындағы міндеттемелерін дұрыс реттейді. Бұл – өмір сүрудің заманауи тәсілі. Сондықтан әр азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін білуі тиіс, – деді Жандос Әзімбай.

Кездесуде сөз алған педагог-психолог Шара Абдирахманова қаржылық дағдарыстың адамның психологиялық жағдайына әсерін ерекше атап өтті.

– Қаржы мәселесі тек цифрлар мен шарттардан тұрмайды. Бұл – адамның ішкі тыныштығы, отбасыдағы атмосфера, қоғаммен байланысы. Қиын қаржылық жағдай күйзеліске, сенімсіздікке, тіпті тәуелділікке әкелуі мүмкін. Сол себепті қаржыны басқарумен қатар, эмоцияны да басқару – қазіргі заманның басты қажеттілігінің бірі, – деді ол.

Шара соңында қатысушылар алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің тұрақты түрде ұйымдастырылып тұруы – қоғамға қажетті бастама екенін жеткізді.

Қатысты жаңалықтар

Сенсация! Нұрлан Қоянбаев әлемдік рекордты жаңартты

Bastynews

«ШЫМКЕНТ СИТИ» САЯБАҒЫНДА БИІКТІГІ 100 МЕТР ТУ ТҰҒЫРЫ ОРНАТЫЛАДЫ

bastynews

ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫ ЖҰМЫС ҮСТІНДЕ

Bastynews