Шымкент қаласында «Діни тұрақтылық – қоғам қауіпсіздігінің негізі» тақырыбында әйелдер қауымы, пробация есебіндегі азаматтар мен жастарға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтті.
14 қазанда ұйымдастырылған кездесулердің негізгі мақсаты – діни сауаттылықты арттыру, қоғамдық келісімді нығайту және діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Кездесулерге теологтар мен психологтар спикер ретінде қатысып, діни сауаттылықты арттыру, теріс діни идеологияның алдын алу, психологиялық тұрақтылықты сақтау және өмірлік қиындықтарды еңсеру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Әйелдер қауымымен өткен кездесуде отбасы тәрбиесі, бала бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіру және жас ұрпақтың дұрыс дүниетанымын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Ал жастар мен пробация есебіндегі азаматтарға арналған кездесуде әлеуметтік бейімделу, жеке жауапкершілікті арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және теріс діни идеологияның ықпалына қарсы тұру мәселелеріне басымдық берілді.
Мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, діни мәселелерге қатысты ақпаратты сенімді дереккөздерден алудың және психологиялық қолдаудың маңыздылығын түсіндірді.


