Шымкент қаласында «Діни тұрақтылық – қоғам қауіпсіздігінің негізі» тақырыбында білім беру ұйымдарының тәрбие ісі меңгерушілеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтті.
16 қазанда екі ауысымда ұйымдастырылған кездесулердің негізгі мақсаты – діни сауаттылықты арттыру, қоғамдық келісімді нығайту және діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Кездесулерге теологтар мен психологтар спикер ретінде қатысып, білім беру ортасында діни тұрақтылықты сақтау, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктері және олармен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелерін түсіндірді.
Кездесу барысында оқушылардың діни сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі діни мазмұндағы ақпараттарды сыни тұрғыдан бағалауға үйрету және жастардың бойында азаматтық жауапкершілік пен өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар тәрбие ісі мамандарының оқушылармен профилактикалық жұмыс жүргізудегі рөліне назар аударылып, қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсетудің маңыздылығы айтылды.
Кездесулер білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын жетілдіруге, жастар арасында діни сауаттылықты арттыруға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталды.
