Басты жаңалықтар

КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫНЫҢ ҚАНАҒАТТАНАРЛЫҚ ҮЛЕСІ 90 ПАЙЫЗДАН АСҚАН

Кентау қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы қаладағы автомобиль жолдарының қанағаттанарлық үлесі 90 пайызға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 91 пайызға ұлғаймақ.

Өткен жылы жалпы ұзындығы 26,45 шақырымды құрайтын 32 көшеде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 2024 жылдан өтпелі Байылдыр және Қарнақ ауылдарындағы 22 көшенің 16,5 шақырымы жөнделді. Сонымен қатар, қала аумағындағы 7 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы асфальт жабындылары жаңартылды. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырып қана қоймай, қаланың көркейуіне де үлес қосуда.

2026 жылы жалпы ұзындығы 15,2 шақырымды құрайтын 16 көшеде орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 2025 жылдан өтпелі Шахтастрой көшесіндегі жұмыстарды толық аяқтау, қала аумағындағы 5 көшеге жөндеу жүргізу, сондай-ақ Хантағы ауылындағы 5 көшеге, Шоқтас елдімекеніндегі көшелер мен Қарнақ айналма жолына орташа жөндеу жүргізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда аталған жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсына қажетті құжаттар әзірленуде.

Сонымен қатар, Кентау қаласындағы Д.Қонаев даңғылын Халықаралық әуежайға апаратын айналма жолмен қосу мақсатында қайта жаңарту жобасы қолға алынды. Жобаның жалпы ұзындығы 2,3 шақырым, ені 16 метрді құрайды. Жоба аясында екі жақтама жарықтандыру бағаналары орнатылып, аяқжол салу және I санаттағы 4 жолақты автомобиль жолын салу жоспарланған. 2025 жылы аталған нысанға қаржы бөлініп, жол негіздерін ашу жұмыстары басталды. Биыл нысандағы қайта құру жұмыстары жалғасып, жобаның толық іске қосылуы қаланың транзиттік қатынасын жақсартып, көліктік қауіпсіздікті арттырады.

Жол инфрақұрылымын жақсарту Кентау қаласында әлеуметтік-экономикалық даму мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Жаңартылған және сапалы жолдар арқылы қала ішіндегі және қалаға кіретін көлік қозғалысы оңтайланып, тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін уақыт пен шығын үнемделеді. Сонымен қатар, қауіпсіз және қолайлы жолдар қалаға инвестиция тартуға, өндіріс пен сауда-саттықты дамытуға жағдай жасайды.

Қалалық әкімдік тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатып, жол сапасы мен қызмет көрсету деңгейін қадағалап отыр. Жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру арқылы Кентау қаласының жол инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сай жаңартылады, көліктік қатынастың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығы қамтамасыз етіледі.

Қатысты жаңалықтар

«Мемлекет тарапынан алған қолдауды тиімді пайдалану керек»- кәсіпкер

Bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТҮРКІСТАНДА ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

bastynews

ЕРКІН КҮРЕСТІҢ ШЕБЕРІ БАТЫЛ ШЕШІМ ЖАСАДЫ

bastynews