Шымкент қаласы мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Жиынға партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, фракция жетекшісі Талғат Балтабаев және фракция мүшелері қатысты.
Отырысты Ербол Байқонысов жүргізіп, алдымен жақында фракция жетекшісі болып сайланған Талғат Балтабаевты ресми түрде таныстырды. Ол жаңа жетекшінің тәжірибесі мен жауапкершілігі фракция жұмысына серпін беретініне сенім білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

«Фракция – партия саясатын мәслихат деңгейінде нақты іске асыратын маңызды алаң. Сондықтан депутаттардың бірлігі мен жауапкершілігі қала тұрғындары үшін шешілетін мәселелердің сапасына тікелей әсер етеді», – деді Ербол Байқонысов.
Өз кезегінде Талғат Балтабаев сенім білдірген әріптестеріне алғыс айтып, фракция жұмысының тиімділігін арттыру бағытында бірлесе еңбек ететінін жеткізді.
Жиынның күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Біріншісі – елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформалар, екіншісі – Шымкент қаласындағы тұрғын үйді реновациялау бағдарламасының жүзеге асырылуы.
Талқылау барысында Қазақстанда қолға алынған реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын орнықтыруға бағытталғаны атап өтілді. Мәслихат депутаттары жаңа Конституция заман талабына сай қабылданғанын айтып, бұл бастамаларға қолдау білдірді.

Сонымен қатар, тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы аясында қоныс аударған азаматтардың жаңа, қолайлы баспанамен уақтылы қамтамасыз етілуін қатаң бақылауға алу қажеттігі айтылды. Депутаттар көшіру, бұзу және құрылыс жұмыстарының барлығы заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
Жиын соңында «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты қалалық сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған Жол картасының 2026 жылға жоспарланған тармақтарын мерзімінде әрі сапалы орындау міндеті жүктеліп, бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі тапсырылды.
