Түркістан облысында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының қалыпты өтуі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында. Апта басында өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды тағы бір рет саралап, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде көмір қоры жеткілікті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер толық жылумен қамтылған. Қазіргі таңда облыстағы барлық қазандықтар температуралық кестеге сай штаттық режимде жұмыс істеп тұр, жылу беру процесі тұрақты түрде қамтамасыз етілген, коммуналдық қызметтердің сапасы мен үздіксіз жұмысы қатаң бақылауда. Облыс бойынша көмір отынына қажеттілік 580,4 мың тоннаны құрайды, оның 515,6 мың тоннасы немесе 88 пайызы жеткізілген. Бюджеттік мекемелер 100 пайыз, жеке тұрғындар 95 пайыз қамтамасыз етілген. Жылыжайлардың қамтылуы 80 пайыз деңгейінде. Аудан және қалалардағы теміржол тұйықтарында 65 мың тонна көмір қоры жинақталған. Жылыжайлардың нақты қамтылуы 213,4 мың тонна болып отыр. Облыста газбен жабдықталған елді мекендердегі 333 753 абоненттің 323 634-і газға қосылған, ал 1 886 абонент түрлі себептермен қосылмаған, 8 233 абонент бос учаскелер немесе құжаттары жоқ тұтынушылар санатына жатады. Бұл мәселе бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, жұмыстар Арыс және Кентау қалаларында күшейтілген. Аудан және қала әкімдіктері «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалымен бірлесе отырып, газға қосылмаған тұтынушыларды толық қамту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Газ инспекциясы» мекемелері улы газдан уланудың алдын алу жұмыстарын күшейтті. Облыс бойынша бекітілген жоспарға сәйкес 300 мыңнан аса нысан араланып, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Оның ішінде 1 005 білім беру ұйымы, 594 денсаулық сақтау нысаны, 76 спорт нысаны, 265 мәдениет мекемесі, 23 жұмыспен қамту орталығы, 29 589 кәсіпкерлік нысан, 99 қонақ үй мен жатақхана, 205 монша, 271 886 жеке тұрғын үй және 1 640 көпқабатты үй тексерілген. Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен коммуналдық қызмет ұйымдары жылу беру жүйелерінің толықтай қызмет етуін бақылап, ақаулы қазандықтар мен желілерді уақытылы жөндеуді қамтамасыз етуде. Жылыту маусымының сапасын бақылау мақсатында облыстық және аудандық деңгейде арнайы мониторинг топтары құрылып, тұрғындардан келіп түскен шағымдар 24 сағат ішінде қарастырылуда. Осы ретте, тұрғындарға қауіпсіз және тұрақты жылу жеткізу үшін қыс мезгілінде қосымша резервтік отын қоймалары әзірленген, суық кезеңде қосымша энергия көздері тартылып, әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлерде тұрақты жылу қамтамасыз етіледі. Жылыту маусымының толыққанды өтетініне сенімді болу үшін барлық аудандарда кестелік жоспарлар мен төтенше жағдайлар алгоритмдері бекітілген. Әкімдік пен коммуналдық қызметтер тұрғындарға жылу мен газдың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету арқылы қыстың суық мезгілінде тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстап отыр.
Алдынғы жаңалық
