Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бастамалардың басты мақсаты – агроөнеркәсіп кешенін дамыту, қосылған құны жоғары өнім өндіру және экспорт көлемін арттыру. Осы бағытта Түлкібас ауданында маңызды өндірістік жоба жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, «MK ALTYN NAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі ұн шығаратын диірмен кешені толықтай қайта жаңғыртылып, қайта іске қосылды. Жаңартылған өндіріс орнының жұмысымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып танысты.
Кәсіпорын ұжымымен өткен кездесуде облыс әкімі өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жобаларға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өндіріс орындарының іске қосылуы аудан экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер етеді.
Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамыту, өнімді терең өңдеу үлесін ұлғайту жөнінде нақты тапсырмалар берілгенін атап өтті. Түлкібас ауданында іске қосылған бұл диірмен кешені – аталған тапсырмалардың жергілікті деңгейде жүзеге асып отырғанының айқын дәлелі. Облыс әкімі қайта жаңғырған кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіруге жол ашатынына сенім білдіріп, жобаны іске асыруға үлес қосқан инвесторларға алғысын жеткізді. Сонымен қатар, кәсіпорынды одан әрі кеңейтуге және өндіріс көлемін ұлғайтуға мемлекеттік қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Аталған зауыттың тарихы 1986 жылдан бастау алады. 2018 жылы өндіріс жұмысы тоқтап қалғанымен, 2024 жылдың желтоқсан айында кәсіпорын толықтай жаңғыртылып, заманауи технологиялармен жабдықталды. Жобаны жүзеге асыру барысында мемлекеттік қолдау тетіктері тиімді пайдаланылып, несие қаражаты тартылған. Қайта жаңғыртудан кейін зауыттың өндірістік қуаты айтарлықтай артып, жылына 120 мың тонна бидай өнімін өңдеуге мүмкіндік алды. Қазіргі таңда кәсіпорында 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Диірмен кешені басшылығы алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейту арқылы кәсіпорынның экспорттық әлеуетін одан әрі кеңейтуді жоспарлауда. Бүгінде Түлкібас ауданында өндірілген ұн өнімдері Қазақстан Республикасының ішкі нарығымен қатар, Өзбекстан, Түркіменстан және Ауғанстан мемлекеттеріне экспортталып жатыр.
Жалпы алғанда, Түлкібас ауданында іске қосылған бұл заманауи зауыт өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, аграрлық саланы дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үлесін арттыруға елеулі үлес қоспақ.
