«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында Түркістан қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімі қала аумағында қызмет көрсететін жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлермен кеңейтілген кездесу өткізді. Жиынның негізгі мақсаты – шаһарда маңдайшалар мен сыртқы жарнамаларды дизайн-код талаптарына сәйкестендіру, сондай-ақ қаланың бірыңғай көркем келбетін қалыптастыру болды.
Кеңеске Сәулет және қала құрылысы бөлімі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатысты. Жиын барысында қаладағы дизайн-код ережелерінің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қатысушыларға қаланың үйлесімді сәулеттік стилін сақтау, жарнамалық ақпаратты эстетикалық және техникалық талаптарға сәйкестендіру, сондай-ақ қалалық ландшафтқа үйлесімді орналастыру бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме берілді.
Кездесуде жарнаманы орнату тәртібі, рұқсат беру рәсімдері, техникалық стандарттар, жарнамалық маңдайшалардың өлшемдері мен түстер үйлесімділігі, сондай-ақ заңдық жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды. Сала мамандары қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, қаланың дизайн-кодын сақтау арқылы кәсіпкерлік нысандардың көрнекілігін арттыру жолдарын ұсынды.
Жиын барысында қаладағы кейбір негізгі көшелер мен сауда нысандары бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Мәселен, Қазыбек би, Б. Саттарханов, Әл-Фараби және М. Төлебаев көшелеріндегі сауда және қызмет көрсету нысандарының жарнамаларының бірізділігін қамтамасыз етуге баса мән берілді. Сонымен қатар, жаңа орнатылатын маңдайшалар мен сыртқы жарнамалардың биіктігі, түс гаммасы, материал сапасы және LED жарықтандыру жүйелерінің қолданылуы дизайн-код талаптарына сәйкес болуы тиіс екені ескертілді.
Жиын қорытындысында қатысушылармен бірлесіп жұмыс істеу, кәсіпкерлік нысандарын дизайн-кодқа сәйкестендіру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ мониторинг жүргізу арқылы талаптардың орындалуын бақылау туралы келісімге келді. Сонымен қатар, болашақта қала аумағындағы барлық жаңа жарнамалық құрылымдарды алдын ала келісіп, тиісті стандарттарға сай орнату маңызды екені атап өтілді.
Қалалық әкімдік бұл бастаманы қала келбетін жақсарту, туристер мен тұрғындардың ыңғайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ кәсіпкерлер мен жарнама агенттіктері үшін ашық және әділ жұмыс ортасын қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам деп бағалады.
Сонымен қатар, қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кез келген заңсыз орнатылған жарнамалық құрылымдар туралы 109 байланыс нөміріне хабарласу ұсынылды. Бұл шара қаладағы қоғамдық тәртіп пен көркем келбетті сақтау, қала мәдениетіне сәйкес жарнамалық ортаны қалыптастыруға үлес қосады.
