Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекені табиғи газға қосылды. Бұл жоба ауылдық елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған кешенді жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.
Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев қатысып, тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ауылдарды газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Табиғи газдың берілуі тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып қана қоймай, отын шығындарын азайтып, экологиялық жағынан таза әрі қауіпсіз энергия көзін пайдалануға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Іс-шараға Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева, аудан әкімдігінің өкілдері, жергілікті тұрғындар, жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері және «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының мамандары қатысты. Қатысушылар газдандыру жобасының әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, мұндай бастамалардың өңір тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Жобаны жүзеге асырған «KazBuildCo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Газ құбырының жалпы ұзындығы 10,7 шақырымды құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген талаптарға сай жүргізіліп, газ желілерінің қауіпсіздігі мен сенімділігіне ерекше назар аударылды. Барлық техникалық сынақтардан өткен жүйе толық дайын күйде пайдалануға берілді.
Нәтижесінде Бәйдібек ауданындағы 50 елді мекеннің 39-ы немесе 78 пайызы табиғи газбен қамтылды. Ал аудан халқының жалпы саны 48 221 адам болса, оның 43 778-і, яғни 90,8 пайызы көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Бұл көрсеткіштер аудан бойынша газдандыру деңгейінің жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар биыл Ақжар, Қаратас, Тұрақты, Алмалы, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас және Шұқыршақ елді мекендерін газдандыру құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда Бәйдібек ауданы толықтай табиғи газбен қамтылып, ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы едәуір жақсарады.
Жалпы алғанда Жұлдыз елді мекенінің табиғи газға қосылуы аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырумен қатар, экологиялық ахуалды жақсартуға, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Бәйдібек ауданының тұрақты дамуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына оң әсерін тигізеді.
