Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында «Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және комплаенс-қызметтің тиімділігін арттыру» тақырыбында кеңейтілген жиналыс өтті. Іс-шара Түркістан облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.
Жиналысқа аудан және қала әкімі аппараттарының басшылары, басқарма басшыларының орынбасарлары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары, комплаенс-офицерлер, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жауапты құрылымдардың өкілдері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, алдын алу тетіктерін жетілдіру және комплаенс-қызметтің тиімділігін арттыру жолдарын талқылау болды.
Жиынды Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Айдос Тоғызбаев жүргізді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының 2025 жылғы 30 маусымдағы №927 Жарлығына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру функциялары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілгенін атап өтті. Осыған байланысты Агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы үйлестіру және әдістемелік жұмыстар күшейтіліп отырғанын жеткізді.
Күн тәртібі аясында алғаш болып Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Әбдірасіл Әбиев баяндама жасап, квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, оларды анықтау және алдын алу шаралары жөнінде жан-жақты мәлімет ұсынды. Ол ішкі бақылау жүйесін күшейту мен ашықтықты қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ аталған басқарманың бас маманы Эльнур Ырысбайұлы комплаенс-қызметтің рөлі, оның квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы маңызы, комплаенс-офицерлердің функционалдық міндеттері және қызметті жетілдірудің практикалық тетіктері туралы баяндады. Спикер комплаенс-қызметтің тәуелсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті.
Жиын барысында Түркістан облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Боранбай Есқараев сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қолданылуы, құқықтық реттеу тетіктері және жауапкершілік мәселелеріне тоқталды. Ал Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Дархан Суртеков 2026 жылға жоспарланған іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттігін атап өтіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында нақты әрі өлшенетін нәтижелерге қол жеткізудің маңыздылығын жеткізді.
Жиналыс қорытындысында қатысушылар квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, комплаенс-қызметтің жұмысын жандандыру және мемлекеттік органдар мен бағынысты ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту бойынша бірқатар нақты ұсыныстар мен тапсырмаларды айқындады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өңірде жүйелі түрде жалғасатын болады.
