Қоғам

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА 4 ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

▪️ Түркістан облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және ауылдық елді мекендерді кезең-кезеңімен жаңғырту бағытында маңызды әлеуметтік жобалар іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде өңірде бірқатар елді мекендер заманауи әрі қолайлы инфрақұрылыммен қамтылып, халық игілігіне берілуде.

▪️ Бүгін Ордабасы ауданындағы Қараспан ауылдық округіне табиғи газ желісі тартылып, Мәдениет, Жұлдыз, Ынтымақ және Жаңатұрмыс елді мекендерінде газдандыру нысандары салтанатты түрде іске қосылды. Аталған жобаның нәтижесінде 150-ге жуық абонент «көгілдір отынға» қосылып, тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Табиғи газдың келуі тұрғындардың көмір мен отынға кететін шығынын азайтып, экологиялық ахуалдың жақсаруына да оң әсерін тигізеді.

▪️ Салтанатты іс-шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды инфрақұрылымдық нысанның іске қосылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ауылдарды табиғи газбен қамту Мемлекет басшысының халықты сапалы әрі қолжетімді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бастама тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауылдардың тұрақты дамуына серпін беретінін жеткізді.

▪️ Шара барысында ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар бас қосып, тарихи сәттің куәсі болды. Ауыл халқы ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, табиғи газдың келуі тұрмыстық қолайлылықпен қатар, денсаулық пен қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды екенін атап өтті.

▪️ Айта кету керек, қазіргі таңда Ордабасы ауданы бойынша 42 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Бұл аудан көлеміндегі елді мекендердің 73,6 пайызын құрайды. Алдағы кезеңде газдандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыру көзделген.

▪️ Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін Шұбарсу ауылының тұрғындарын толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарлануда. Аталған елді мекенді газдандыру құрылысы қазіргі уақытта 4 кезең бойынша іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, Бадам, Дербес, Ақбұлақ, Қалаш және Дихан елді мекендерін табиғи газбен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде.

▪️ Аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда Ордабасы ауданында табиғи газбен қамту деңгейі едәуір артып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА 250 ОРЫНДЫҚ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

bastynews

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОСПАРҒА САЙ ЖҮРУДЕ

bastynews

Баланы үйде сүндетке отырғызуға бола ма?

Bastynews