Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Мәдениет

АБАЙ МҰРАСЫ ЖАҢА ҒЫЛЫМИ НҰСҚАДА ЖАРЫҚ КӨРДІ

Алаш руханияты үшін аса маңызды ғылыми еңбек – хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай жарық көрген «АБАЙ. Мүрсейіт қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты жаңа кітап қалың оқырманға жол тартты. Аталған басылым М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жанындағы «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен жарық көрді. Кітаптың жарыққа шығуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров демеушілік жасап, абайтану ғылымының дамуына зор үлес қосты.

Бұл еңбек — филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек пен PhD докторант Әзімхан Исабектің бірнеше жыл бойғы зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Жинақ Абайдың төл шығармаларының ең сенімді көзі саналатын Мүрсейіт Бікіұлы көшірмелеріне сүйеніп дайындалған. Сонымен қатар, кітапта Абайдың інісі Халиоллаға жазған хатының түпнұсқасы мен транскрипциясы ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Бұл – бұрын-соңды жарияланбаған тарихи құжаттардың қатарындағы аса құнды дүние.

Абай шығармаларын бірнеше рет көшіріп жазған, оның мұрасын сақтап қалуға зор еңбек сіңірген Мүрсейіт Бікіұлының, сондай-ақ Рахым Жандыбаев пен Оразке Уақбайұлының қолжазбалары текстологиялық, терминологиялық тұрғыда салыстырылып, бірізді транскрипция ұсынылған. Жинақта 1910 жылғы қолжазба нұсқасының толық факсимилесі де тұңғыш рет жарияланып отыр. Бұл – қазақ жазба мәдениеті мен абайтану ғылымы үшін үлкен жетістік.

Абай мұрасын дәл осындай ғылыми жүйемен жариялау – кезінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің де арманы болғаны белгілі. Сондықтан бұл еңбек Әуезовтің аманатына деген құрмет әрі Абай рухына тағзым ретінде де қабылданады.

Кітапқа белгілі абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Мекемтас Мырзахметұлы арнайы ғылыми пікір жазып, өзінің батасын берді. Ғалым жаңа басылымды абайтанудағы тың серпіліс ретінде бағалады.

712 беттен тұратын бұл ғылыми еңбек еліміздің беделді баспаларының бірінде 2000 дана таралыммен басылып шықты. Басылымда қолданылған ғылыми әдіс пен көзқарас – қазіргі текстология ғылымының талаптарына толық сай келеді. Сонымен қатар, қазақ әдебиетін, тілін, жазба мұрасын зерттеуші ғалымдар мен Абай шығармашылығын терең меңгергісі келетін оқырмандар үшін таптырмас құрал саналады.

Бұл еңбек – Абайдың 180 жылдығына арналған рухани-ғылыми жобалардың ең сүбелілерінің бірі. Жаңа басылымды таныстыру арқылы Әуезов университеті ұлттық әдебиет пен руханиятқа қосқан қомақты үлесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қатысты жаңалықтар

һБАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН БІЛІМІН ҚОЛДАУ: ТАМАҚТАНУ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

bastynews

КӨКСАЙ ШАҒЫНАУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЖАҢА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

bastynews

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ЦИФРЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК

bastynews