Қазығұрт ауданында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қарыздық міндеттемелерге қатысты заңдық көмек көрсету бағытында кешенді кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі жаһандану мен цифрлық трансформация дәуірінде тұрғындардың қаржылық сауаты – елдің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік әл-ауқатының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Қаржылық сауат – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық ресурс.

Осы мақсатта Қазығұрт ауданында «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында ауқымды ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Шараның басты мақсаты – тұрғындарға күнделікті өмірде жиі кездесетін қаржылық қиындықтарды тиімді әрі заңды жолмен шешудің нақты тетіктерін ұсыну. Іс-шара барысында қатысушыларға жеке бюджетті жоспарлау, банк өнімдерін тиімді пайдалану, несие алу және өтеу шарттарын дұрыс түсіну, қаржылық алаяқтықтан қорғану, сондай-ақ ойынқұмарлықтың алдын алу бағытында жан-жақты ақпарат берілді.

Сонымен қатар азаматтарға есеп-шоттарды бұғаттан босату жолдары, борыштық дауларды реттеу, қаржылық жоспар құру, төлем қабілетін бағалау және несиелік жүктемені азайту бойынша практикалық кеңестер ұсынылды. Кездесуге арнайы шақырылған білікті мамандар – «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай, “Бәйтерек” жастар ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков, сондай-ақ PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова өз салалары бойынша мазмұнды ақпараттармен бөлісті. Мамандар қаржылық сауаттылықты ерте жастан қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
