Түркістан облысының Созақ ауданында «Жасыл мектеп» жобасы КАТКО компаниясының бастамасымен және демеушілігімен, ECO Network ұйымымен бірлесіп іске асырылуда. Жоба аясында қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және тұрақты даму қағидаттары бойынша ақпараттық-таныстыру шаралары ұйымдастырылды. Аталған бастама өңірдегі экологиялық ағартуды дамытуға және жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ECO Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджановпен кездесуде жүзеге асып жатқан жоба аясында одан әрі ынтымақтастық мәселесін талқылады.
Кездесуде Евгений Мұхамеджанов «Жасыл мектеп» жобасының негізгі мақсаттарына тоқталып, өзге өңірлерде жүзеге асырылған тәжірибелерімен бөлісті. Оның айтуынша, «Жасыл мектеп» жобасы экологиялық білім беру деңгейін арттыруға, оқушылар арасында экологиялық мәдениет пен жанашыр көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму қағидаттары бойынша білім беріледі.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары экологиялық бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде экология бағытындағы жобаларды қолдау басым бағыттардың бірі екенін жеткізді. Бірлескен жобаларды іске асырудың тиімділігіне тоқталды.
Сонымен қатар жоба «Таза Қазақстан» мемлекеттік бастамасы аясында жүзеге асырылып, ел көлемінде экологиялық сананы арттыруға қосылған маңызды үлес болып саналады.
Жоба аясында жиналған қалдықтардың көлемі туралы барлық дерек econetwork.green «жасыл» компаниялар порталында тұрақты түрде жүктеліп отырады. Жобаның бірінші жылының қорытындысы бойынша мектептерде ғана емес, оқушылардың бастамасымен олардың отбасыларында да қалдықтарды бөлек жинаудың тұрақты тәжірибесін қалыптастыру көзделген. Балалар жинаған сұрыпталған қалдықтардан түрлі бұйымдар дайындалып, қатысушыларға сыйлық ретінде табысталады. Атап айтқанда, брелоктар, телефонға арналған тұғырлар әзірленеді. Басты жүлдесі – қайта өңделген пластиктен жасалған шахмат жиынтығы. Жоба қорытындысы бойынша үздік мектепті орындалған модульдердің нәтижелері негізінде арнайы комиссия анықтайды.
