2025 жылдың шілде айында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілді. Студенттер мен оқытушылар қауымы үшін маңызды нысан – «Дәулет» жабық спорт кешені салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл – университет қабырғасында салауатты өмір салтын насихаттауға, спортпен тұрақты айналысуға арналған екінші заманауи кешен.
Ашылу рәсіміне университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ардагер ұстаздар мен студенттер, сондай-ақ қаланың спорт саласындағы белсенді өкілдері қатысты. Жиын барысында университет ректоры бұл нысанның дене тәрбиесі мен спорт мәдениетін дамытудағы рөлін атап өтіп, алдағы уақытта спорттық өмірдің жаңа серпін алатынына сенім білдірді.
Кешеннің техникалық сипаттамасы:
- Жалпы ұзындығы — 22 метр, биіктігі — 13 метр;
- Кіші футболға арналған жабық алаң заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген;
- Ерлер мен әйелдерге арналған киім ауыстыратын, душ қабылдайтын бөлмелер бар;
- Ішкі жылу жүйесі мен ыстық су желісі толық орнатылып, үздіксіз жұмыс істейді;
- Жарықтандыру мен желдету жүйесі халықаралық талаптарға сәйкес жасақталған.
Университет басшылығы спорт кешеніне елге танымал спортшы, мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Дәулет Болатұлы Тұрлыхановтың есімін беру туралы шешім қабылдады. Бұл – жастарға ұлттық мақтаныш тұтар тұлғаларды үлгі ете отырып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған қадам.
«Дәулет» спорт кешені – тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, сонымен қатар болашақ дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен жаттықтырушыларды даярлауға арналған тәжірибелік орталық. Мұнда студенттер оқу процесінен тыс уақытта жаттығу жасап, кәсіби деңгейде шеберліктерін шыңдай алады.
Алдағы уақытта бұл кешенде университетішілік жарыстармен қатар, қалалық және өңірлік деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, арнайы секциялар мен үйірмелер ашу арқылы студенттердің спортқа бейімділігіне қарай дамуына мүмкіндік жасалады.
«Дәулет» жабық спорт кешені — бұл ОҚПУ-дың жастарға сапалы біліммен қатар, денсаулық пен жан-жақты даму ортасын ұсынудағы үлкен қадамы. Университет басшылығы келешекте де осындай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру арқылы оқу орнының материалдық-техникалық базасын одан әрі жетілдіре бермек.