Түркістан облысында өндірісті дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы ретте Түлкібас ауданындағы «Бәйтерек-2030 KZ» ЖШС Қытай Халық Республикасынан тауарлы бетон өндіретін заманауи құрылғыны жеткізіп, өндірісті іске қосты. Аталған кәсіпорынға аудан әкімі Асқар Естібаев салаға жауапты мамандарымен арнайы барып, кәсіпорын жұмысымен танысты, өндірістің тиімділігін бағалады.
Бүгінде Жабағылы ауылы маңында орналасқан карьер толық жұмыс істеп тұр. Кәсіпкер ірі тасты ұнтақтауға арналған заманауи құрылғыны орнатып, жылына 60–70 мың тонна бетонға қажетті шикізатты өндіруде. Ал бетон өндірісі Ақбиік ауылында жүзеге асырылып, жылына орта есеппен 62 млн теңгенің бетоны дайындалуда. Сонымен қатар, кәсіпорын құрылысқа қажетті құм, құм аралас тас және майда тас (щебень) өндірісін де іске қосты.
Аудан басшысы Асқар Естібаев кәсіпкердің жаңа бастамасына сәттілік тіледі және мемлекеттен қолдау қажет болған жағдайда, тиісті көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Бұл кәсіпорынның іске қосылуы аудан үшін экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін 25 адам жұмыс істеп келген шағын кәсіпорында тауарлы бетон өндіру жүйесі іске қосылған соң қосымша 10 жаңа жұмыс орны ашылды. Яғни, өндірістің кеңеюі жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді. Осыған дейін ауданда дәл мұндай заманауи тауарлы бетон өндірісі болмаған.
▪️Бұл кәсіпорын құрылыс саласына тың серпін беретін, маңызды өндіріс ошағы болып табылады. Кәсіпорынның іске қосылуы арқылы:
- жергілікті нарықты сапалы құрылыс материалымен қамтамасыз ету,
- логистикалық шығындарды азайту,
- жергілікті экономиканы дамыту,
- жаңа жұмыс орындарын ашу,
сияқты бірқатар маңызды мәселелер шешімін табады.
▪️Бұдан бөлек, кәсіпорынның жұмысы ауданның инфрақұрылымдық жобаларын іске асыруға да оң әсерін тигізеді. Заманауи өндіріс құралдары мен технологиялық жабдықтар бетон сапасын арттырып, құрылыс материалдарының стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде аудан мен өңірдегі құрылыс саласының тұрақты дамуына ықпал етеді.
▪️Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып, қосымша құрылыс материалдарын өңдеу желілерін іске қосуды жоспарлап отыр. Мұның бәрі Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға серпін береді.
