Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,4 пайызды құрап, өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша тұрақты оң динамика қалыптасты. Осылайша Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші бойынша республикадағы үздік үш өңірдің қатарына енді.
Экономикалық өсімге өнеркәсіп өндірісінің артуы, ауыл шаруашылығы өнім көлемінің ұлғаюы, құрылыс саласындағы белсенділік, сауда айналымының өсуі және инвестиция тарту жұмыстарының күшеюі айтарлықтай ықпал етті. Өңірде жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы экономиканың орнықты дамуына негіз болды.
Осы мәселелерді талқылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиын барысында 2025 жылдың қорытынды көрсеткіштері, салалар бойынша орындалу деңгейі, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған мақсатты индикаторлар жан-жақты сараланды.
Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жыл соңына дейін барлық жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, инвестиция көлемі, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімінің өсімі, құрылыс жұмыстарының көлемі және жұмыспен қамту көрсеткіштері бойынша межелі индикаторларға қол жеткізу қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар статистикалық деректердің уақытылы әрі толық ұсынылуын, көрсеткіштердің шынайылығын қамтамасыз ету міндеттелді.
Сондай-ақ мәжіліс барысында 2026 жылға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары айқындалды. Алдағы жылы инвестиция тарту көлемін одан әрі арттыру, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру және халықтың табысын арттыру басты басымдықтар ретінде белгіленді. Бұдан бөлек, инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы іске асыру мен цифрландыру деңгейін көтеру міндеттері жүктелді.
Жалпы, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты бақылауда. Қол жеткізілген нәтижелерді сақтау және экономикалық өсім қарқынын одан әрі күшейту мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасады. Алдағы кезеңде жоспарланған көрсеткіштерге толық қол жеткізу өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталмақ.
