Басты жаңалықтар

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМ МЕН БАСТАУЫШ БІЛІМ БЕРУДЕГІ САБАҚТАСТЫҚ: КӘСІБИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕН ДАМУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕРПІНДІ ДИАЛОГ

 «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Шымкент қаласы бойынша филиалының базасында мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері, әдіскерлері және педагогтерінің қатысуымен «Мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастық – кәсіби ынтымақтастық пен дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты – мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуде кәсіби тәжірибе алмасу, табысты практикаларды ортаға салу және тиімді педагогикалық тәсілдерді дамыту. Бұл бағытта нақты мысалдар келтіріліп, қатысушылар арасындағы пікір алмасу кең форматта өрбіді.

Дөңгелек үстел барысында №68 «Балауса» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі М.Р. Тажиева «Мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектеп арасында жүйелі кәсіби байланыс орнату» тақырыбында баяндама жасап, өз ұйымында енгізілген тәжірибелермен бөлісті. Ол балабақша педагогтерінің бастауыш мектеп мұғалімдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуінің маңыздылығын атап өтті.

№60 «Тараз» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі А. Елшібаева «Сабақтастық сақтаудағы педагогтың кәсіби рөлі: мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш буын арасындағы көпір» тақырыбында баяндама жасап, оқу бағдарламаларының мазмұндық үйлесімділігін қамтамасыз ету жолындағы нақты қадамдармен таныстырды. Ол педагогтің тек білім беруші емес, сонымен қатар баланың мектепке бейімделуінде жетекші рөл атқаратын маңызды тұлға екенін атап өтті.

Ал №35 «Сәуле» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі А.Б. Карабекова «Мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы – баланың мектепте оқуға бейімделуінің негізгі факторы» тақырыбында сөз сөйлеп, мектепке дейінгі жастағы балалардың бастауыш мектепке көшудегі психологиялық және педагогикалық бейімделуіне қатысты атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды таныстырды. Оның баяндамасында оқыту әдістерінің сабақтастығын қамтамасыз ету, баланың тұлғалық дамуын ескеру және ата-аналармен бірлескен жұмысқа басымдық беру мәселелері қозғалды.

Іс-шара соңында қатысушылар мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты нығайту мақсатында өзара ынтымақтастықты арттырудың маңызын тағы бір мәрте атап өтті. Оқу-тәрбие процесіндегі жүйелі өзара әрекеттестік пен әдістемелік бірізділік – баланың білім беру жүйесіндегі алғашқы баспалдағына сенімді қадам басуына ықпал ететін басты шарттардың бірі.

Мұндай кездесулер педагогтерге тәжірибе алмасуға, кәсіби мәселелерді бірлесе шешуге және білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. «Өрлеу» филиалы тарапынан бұл бағыттағы қолдау алдағы уақытта да жалғасын табады.

Қатысты жаңалықтар

ZHANIBEKOV UNIVERSITY — 2025 ЖЫЛҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ РЕЙТИНГІНДЕ ТОП-1

bastynews

Қазығұрттағы жан түршігерлік жағдайға қатысты тың дерек шықты

Bastynews

Мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді білу міндеттелгелі жатыр

Bastynews