Ақпарат Қоғам

Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының саны артқан: 2025 жылдың 12 айындағы жағдай

2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай артқаны байқалады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ұсынған ресми деректерге сәйкес, есепті кезеңде облыс аумағында 1274 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,6 пайызға жоғары (2024 жылы – 1065 ЖКО).

Жол апаттарының артуы адам шығыны мен жарақат алу деректерінің де өсуіне алып келді. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендер саны 15,4 пайызға өсіп, 1625 адамнан 1876 адамға жеткен. Оның ішінде жарақат алғандар саны 18,1 пайызға артып, 1356-дан 1602 адамға дейін көбейген. Қаза тапқандар саны да аздап өсіп, 269-дан 274 адамға жетіп отыр, бұл 1,9 пайыздық өсімді құрайды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жол-көлік оқиғалары ең көп тіркелген аумақтар қатарында Сайрам ауданы (183 ЖКО), Түркістан қаласы (177), Жетісай ауданы (175), Арыс қаласы (84), Түлкібас (72), Келес (68), Шардара (64) аудандары бар. Сонымен қатар, Төлеби, Ордабасы және Отырар аудандарында әрқайсысында 52 жол апаты тіркелген. Сарыағашта – 49, Созақта – 47, Сауранда – 45, Кентау қаласында – 41, Қазығұртта – 39, Мақтааралда – 38, ал Бәйдібек ауданында 36 жол-көлік оқиғасы болған.

Мамандардың мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері өзгеріссіз қалып отыр. Олардың қатарында жол қозғалысы ережелерін сақтамау, белгіленген жылдамдықты арттыру, көлік құралдары арасындағы қашықтықты сақтамау, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі сияқты өрескел заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Бұл факторлар жолдағы қауіпсіздік деңгейіне тікелей әсер етіп, қайғылы жағдайларға әкеліп соғуда.

Осыған байланысты уәкілетті органдар облыс тұрғындарын, сондай-ақ өңірге келетін қонақтар мен туристерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші өз қауіпсіздігіне ғана емес, айналасындағы адамдардың өміріне де жауапты екенін ұмытпауы тиіс.

Сонымен қатар, еліміздегі жол-көлік оқиғалары туралы толық әрі өзекті ақпаратты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне қарасты «Qamqor» порталындағы «Авариялық карта» бөлімінен көруге болатыны еске салынады. Бұл сервис жол қауіпсіздігіне қатысты ахуалды ашық түрде бақылауға және алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

Жолдағы тәртіп – әр азаматтың жауапкершілігі. Заң мен тәртіпті сақтау арқылы ғана жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, адам өмірін қорғауға болады.

#Заң_мен_Тәртіп
#Закон_и_Порядок

Қатысты жаңалықтар

ШУГУАН ТӘЖІРИБЕСІ: ОРДАБАСЫ АУДАНЫ ҮШІН ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАРЫ

bastynews

2025-2026 ОҚУ ЖЫЛЫНА БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫН ОҚУЛЫҚТАРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ

bastynews

В ходе паводков было спасено свыше 120 тыс. граждан в Казахстане

bastynews