2025 жылғы 8–9 желтоқсан күндері Қостанай қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында Студенттік Ассамблеялардың I Республикалық форумы өтті.
Форум ҚХА Хатшылығы мен «Ассамблея жастары» РҚБ бірлесіп ұйымдастырған ерекше бағдарлама аясында өткізілді.
🔹 Екі күндік бағдарламада қатысушылар ішкі және мәдениетаралық көшбасшылық, студенттік өзін-өзі басқару жобаларына инвестициялар тарту тақырыптарында шеберлік сабақтарына қатысты.
🔹 «Өңірлердегі студенттік ассамблеялардың жұмыс тәжірибесі» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылып, өңірлік тәжірибе мен үздік бастамалар кеңінен талқыланды.
🔹 Студенттік Ассамблеялар қызметінің өзекті бағыттарын айқындайтын роадмап-сессия өтті, қатысушылар алдағы жобаларды тиімді жоспарлау және іске асыру жолдарын талқылады.
🔹 Форумның пленарлық бөлімінде ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Алмасұлы Әзілханов, Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов, сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
🔹 Қостанай облысының Студенттік Ассамблеялары сертификаттармен марапатталды, ал Түркістан облысының белсенділері де лайықты бағаланды: «Түркістан Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінің Қазақстан халқы Студенттік ассамблеясының төрағасы Жарылқасын Аружан Берікқызы ҚХА Төраға орынбасары М. Әзілхановтың Алғыс хаты мен марапатқа ие болды. Сонымен қатар, «Түркістан жоғары көпсалалы қол өнер колледжі» МКҚК-нің Қазақстан халқы Студенттік ассамблеясының төрағасы Чжен Кристина Владимировна ҚР Оқу-ағарту министрлігінің вице-министрі Ш. Ақпарованың Алғыс хатымен марапатталды.
🌟 Түркістан облысынан форумда сөз сөйлеген Жарылқасын Аружан Берікқызы өңірдегі белсенді жастардың атқарған жұмыстары, жеткен жетістіктері және алдағы жоспарларын таныстырып өтті. Ол өңірлік жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибе мен жастардың креативтілігін ерекше атап өтті.
Қатысушылар форум аясында жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, республикалық деңгейде өз жобаларын таныстырып, өзара байланыс орнатты. Сонымен қатар, жастар арасындағы көшбасшылық, шығармашылық және инновациялық дағдыларды дамытуға бағытталған арнайы тренингтер мен семинарлар өткізілді.
Бұл форум – еліміздің жас көшбасшылары үшін тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар жастар арасындағы бірлік пен келісімді нығайтатын маңызды платформа болып саналады. Форум нәтижесінде Түркістандық студенттер жаңа идеяларды жүзеге асыруға ынталы, мәдениетаралық ынтымақтастықты арттыруға дайын, әрі өңірлердегі жастар бастамаларының дамуына үлес қосуға қабілетті екендігін көрсетті.
