Жаңалықтар

АҚКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛДЫ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу және су сорғы станциясының имаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, ауыл тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылды. Бұл – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында атқарылған маңызды жобалардың бірі.

Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар және жобаны іске асыруға қатысқан мердігер ұйым өкілдері қатысты.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өз сөзінде:
– «Құрметті жерлестер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілген. Осы бағытта Отырар ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін Ақкөл ауылында жаңа ауыз су жүйесі іске қосылып, ауыл халқы таза сумен қамтылды. Нәтижесінде, аудандағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен жеңіс», – деді.

Аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүру жағдайын жақсартуға, санитарлық жағдайды оңалтуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Жобаны жүзеге асырушы «Exclusive Project Company» ЖШС құрылыс барысында 11 560 метр ұзындығында су құбыры жүргізіп, 65-ке жуық отбасыны ауыз сумен қамтыды. Сонымен қатар, нысан аумағында 2 дана, жалпы ұзындығы 1250 метр болатын су ұңғымалары қазылып, заманауи су сорғы станциясының имараты салынды. Жаңа жүйе ауыз су сапасының халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді және ауылдың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсартады.

Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасын жоғары бағалап, жауапты мамандарға жаңа нысанды тұрақты күтіп ұстауды, ауыл тұрғындарын үзіліссіз сапалы сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындармен кездесуде су жүйесінің тиімді жұмыс істеуін бақылау, қызмет көрсету сапасын жақсарту және болашақта инфрақұрылымды кеңейту мәселелері де талқыланды.

Осы жобаның іске асуы Ақкөл ауылы тұрғындары үшін ауыз су мәселесін түпкілікті шешіп, ауылдағы өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға және болашақта экономикалық даму мен инфрақұрылымды кеңейтуге жол ашты. Жаңа су жүйесі ауылдағы отбасы, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері үшін де тұрақты қызмет көрсетудің негізі болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

Год рабочих профессий: в Шымкенте чествовали лучших строителей

bastynews

БАҚ ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Bastynews

2 млн тенге отдал шестиклассник из Шымкента за «прокачанный» аккаунт в игре.

bastynews