2025–2026 жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Муфтулла Қонақбаев өз қаражаты есебінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға нақты қолдау көрсетті. Қайырымдылық аясында 30-ға жуық оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен сөмкелер сыйға тартылды.
Бұл қайырымдылық шарасы оқу жылына дайындық кезінде ата-аналарға әлеуметтік жүктемені азайтуға, ал балалардың мектепке толыққанды дайындалуына мүмкіндік берді. Іс-шара барысында балалар мен ата-аналардың қуанышты сәттері ерекше атмосферада өтті.
Халық қалаулысы балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім алудың маңыздылығына тоқталып, өзінің жүрекжарды тілегін білдірді: Әне-міне дегенше бәріңіз жаңа оқу жылына аяқ басқалы отырсыздар. Бұл — бір жасқа есейдіңдер деген сөз. Есейген сайын білімнің маңыздылығын түсініп, өздеріңді дамыта түсетініңізге сенемін. Ел ертеңі — сіздердің қолдарыңызда. Ал ол тізгінді ұстар азаматтар білімді болуы тиіс. Сол себепті оқуда озат болуға шақырамын, – деді Муфтулла Қонақбаев.
Іс-шараға қатысқан ата-аналар мен балалар көрсетілген қамқорлық үшін ризашылықтарын білдіріп, ел ішіндегі осындай жанашыр азаматтардың игі бастамалары көпке үлгі екенін атап өтті. Олар қиын кезеңде қолдау білдіріп, балаларға қуаныш сыйлаған депутатқа алғыстарын білдірді.
Мектепке даярлық кезеңі — ата-аналар үшін қаржылық жағынан күрделі кезеңдердің бірі. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін бұл жауапты шақ үлкен сынақ болатыны белгілі. Мұндай қайырымдылық шаралары балалардың білімге деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың қоғам назарынан тыс қалмағанын, қамқорлық бар екенін сезіндіреді.
Мұндай қолдаулар – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, отбасылардың әлеуетін көтеруге, балалардың сапалы білім алуына жанама түрде болса да оң ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл — ел болашағы үшін білімге қолжетімділік пен тең мүмкіндік қалыптастырудағы маңызды қадам.
Муфтулла Қонақбаевтың бұл бастамасы — мәслихат депутаты ретінде тек заңнамалық деңгейде ғана емес, нақты әрекеттер арқылы халыққа жақын болуға деген ұмтылыстың көрінісі. Бұл қадам әлеуметтік жауапкершіліктің, жанашырлықтың және қоғам алдындағы міндеттіліктің шынайы мысалы бола алады.
Мұндай игі істер қоғамда өзара сенім мен қолдауды қалыптастырып, ұрпақ тәрбиесіне қосылған нақты үлес ретінде бағаланады. Сонымен қатар, өзге де азаматтарды қайырымдылық мәдениетін қолдауға, әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамауға үндейді.
