Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КИЕЛІ ОРЫНДАРЫ: ӘУЛИЕЛЕР МЕН ТАРИХИ ЗИРАТТАРДЫҢ МҰРАСЫ

Қазығұрт тауының етегінде Қожа Ахмет Ясауидің замандасы әрі шәкірті болған Ақбура әулие (шын есімі – Ақтамберді) жерленген. Өз заманында ақ бураға мініп, зікір салған ол халық арасында Ақбура деп аталған.

Созақ ауданы, Созақ ауылында орналасқан Қарабура әулие кесенесі XIV ғасырда тұрғызылған және ХХ ғасырдың соңында толық жөндеуден өткен. Кесене ақ кірпіштен қаланған, әрқайсысы сегіз қырлы қос бөлмеден тұрады. Бірінші бөлмесінің аумағы 100 шаршы метр, ал екінші бөлмесінде ескі кесене сақталған. Қарабура әулиенің зираты осы ескі кесенеде жатыр.

Жылаған ата үңгірі Түркістан қаласынан шамамен 80 шақырым жерде орналасқан. Үңгір аузының биіктігі 3–4 метр, ені 9 метрге жетеді, ал тереңдігі 50–60 метрді құрайды. Бұл үңгір тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төменгі жағында орналасқан өзеннің сол жағасында 10–12 метр биіктікте жартаста диаметрі 15–18 см қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады.

Дәубаба әулие Арыс өзенінің аңғарында жерленген. Ол өмірінде Үйсін мемлекетінің Күнбиі болған.

Көз ата әулиесі Төле би ауданы, Ақбастау ауылында орналасқан. Келушілердің аяғы үзілген емес, ал көз ауруына шалдыққан адамдар бұл әулиенің басына жиі келіп, ем іздейді.

Бәйдібек баба XIV ғасырда Шығыс Қаратау өлкесінде өмір сүріп, қазіргі Бәйдібек ата елді мекені жерінде дүниеден өткен. Бәйдібек ата кесенесін тұрғызуға Самарқанд, Ташкент, Сайрам, Шымкенттен арнайы шеберлер шақырылған. Ол көшпелі елдің басын біріктіріп, ақылшы және қолбасшы ретінде танылған тарихи тұлға.

Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі Созақ ауданы, Құмкент ауылы маңында орналасқан. Мазар үстіне күйдірілген кірпіштен салынған кесене бір үйлі қасбеттік композицияға құрылған. Баба түкті Шашты Әзіз мұсылмандар арасында әулие деп танылған.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 шақырымда Әлқожа ата кесенесі орналасқан. Ол теңіз деңгейінен 208 метр биіктікте жатыр. Аңызға сүйенсек, Әлқожа ата Гаухар ананың күйеуі болған. Кесене күйген кірпіштен салынған және ХХ ғасырдың соңында жөндеуден өткен.

Балықшы әулие – Созақ ауданы, Суындық ауылының маңында орналасқан киелі орын. Оның басында іші балыққа толы бұлақ бар, суы салқын әрі емдік қасиетке ие. Келушілер ырым бойынша түнеп, балықтарға жем тастайды. Ал балықты ұстап алатын адамға жамандық жетеді деп сенеді.

Бұл киелі орындар мен әулие зираттары Түркістан облысының тарихи, мәдени және рухани мұрасын көрсетіп, өңірді туристік және ғылыми зерттеу тұрғысынан маңызды етеді.

Қатысты жаңалықтар

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ ЖӘНЕ БОРЫШКЕРЛЕРГЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ БОЙЫНША АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

bastynews

«ЕР ҚАРУЫ – БЕС ҚАРУ» ОНЛАЙН-КӨРМЕСІ ӨТТІ

Bastynews

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ АГРОСАЛАНЫ ДАМЫТУҒА СЕРПІН БЕРЕДІ

Bastynews