Түркістан облысында әлеуметтік-инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Аудан мен қалалардағы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында газ, электр, ауыз су және сапалы жол желілерін кеңейту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Соңғы жылдары облыстың шалғай және ауылдық елді мекендерінде жаңа газбен жабдықтау жобалары іске асырылды. Сол сияқты орталықтандырылған ауыз су жүйелерін тарту, ескірген желілерді жаңарту жұмыстары белсенді жүргізіліп, халық 100 пайыз таза суға қол жеткізе бастады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.
– Мемлекет басшысы халқымыздың тамыры – ауылда екенін ерекше атап өтті. Облыс халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған. Сондықтан өңірімізде ауылды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Біз тұрғындардың сапалы ауыз суға, газға, электр қуатына және жол инфрақұрылымына қол жеткізуін басты міндетке қойдық, – деді облыс әкімі.
Облыста жалпы 2,1 млн тұрғын немесе 98,5%-ы (763 елді мекен) ауыз сумен қамтылған. Биыл қосымша 30 елді мекен жаңа ауыз су жүйелеріне қосылып, 11 елді мекеннің ескірген су жүйелері жаңартылмақ. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 100%-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Ауыз суды кестемен пайдаланатын 192 елді мекеннің мәселесі алдағы 3 жылда толық шешілмек.
Табиғи газбен 1 млн 834 мың адам (563 елді мекен) қамтылып, жалпы қамту деңгейі 85,5%-ды құрады. Биыл қосымша 37 елді мекенге газ құбыры тартылуда. Нәтижесінде газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 900 мың адамға немесе 88,9%-ға жетпек (600 елді мекен).
Соңғы 2 жылда 66 елді мекеннің электр жүйелері жаңартылып, сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, биыл облыста 289 нысанға немесе 1 236 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 951,4 шақырым жол пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94,7%-ға жетеді.
Облыс әкімдігі алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр. Газ, су, электрмен және сапалы жолмен қамту жобаларының толық іске асуы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді. Осы бастамалар нәтижесінде Түркістан облысы тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарып, ауылдық елді мекендер мен қалаларда тұрақты әрі қауіпсіз өмір қамтамасыз етілмек.
Инфрақұрылым – қоғам дамуының және халық әл-ауқатының басты кепілі!
