Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені елімізде жетекші орынға шықты. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде 2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітілген. Жол картасы аясында жалпы құны 295,5 млрд теңгеге 78 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Биыл 31 жоба іске асырылмақ, бүгінгі күнге 60,8 млрд теңгеге 27 жоба жүзеге асырылып, 1 030 жаңа жұмыс орны құрылған.
– Түркістан – ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Біз өнімді шикізат күйінде сатып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласында терең өңдеуге басымдық берудеміз. Заманауи технологиялар енгізіліп, өндіріс тиімділігі артты. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Биылғы 10 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,1 есе ұлғайды. Тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд теңге инвестиция құйылып, 1,3 есе артты, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге өсті. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн 86,9 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада бірінші орында тұр.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылдан 34 мың гектарға артты. Дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар мен тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Нәтижесінде 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімі, 5 млн тонна малазықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды.
Облыста өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту жұмысы қарқынды жүргізілуде. Биыл жылыжайлардың көлемі 75 гектарға ұлғайып, жалпы алаңы 1 715 гектарға жетті. Нәтижесінде республикадағы үлесі 76 пайызға жетті. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102 мың тонна көкөніс жиналды. Келесі жылы көлемін қосымша 62 гектарға ұлғайтып, үлесін 80 пайызға жеткізу көзделуде.
Келес ауданында 500 гектарда «Ecoculture Eurasia» ірі жылыжай кешені салынуда. Бұл жоба жыл бойы 240 мың тоннадан астам көкөніс өсіруге мүмкіндік береді. Жобаның іске асырылуы нәтижесінде 7 мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Биыл жобаның 1-кезеңі іске қосылады.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеров атап өткендей, ауыл шаруашылығын дамыту мен агроөнеркәсіптік кешенді кеңейту – өңірдің тұрақты экономикалық дамуы мен халықты жұмыспен қамтудың негізгі факторы. Түркістан облысы алдағы уақытта да инновациялық технологиялар мен инвестицияларды тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге ұмтылуда.
