Түркістан облысында ауыл шаруашылығы секторы жаңа жетістіктерге қол жеткізді. 2025 жылы жалпы егіс көлемі 907 мың гектарға жетіп, өнімділік артты. Дәнді дақылдар – 342 мың гектар, мақта – 144,5 мың гектар, ал бақша дақылдары – 62 мың гектар жерге егілді. Су үнемдеу технологиялары – тамшылатып және жаңбырлатып суару – 59 мың гектарға енгізіліп, өнімділікті арттыруға және суды үнемдеуге мүмкіндік берді. Мәселен, мақта дақылының өнімділігі екі есеге артса, суды тұтыну көлемі гектарына 5,2 мың м³-тен 2,6 мың м³-ке төмендеді. Ал күріш дақылы пилоттық түрде тамшылатып суарылып, гектарына 4–5 тонна өнім берді.
Облыста аграрлық техника паркі 25 мың бірлікке жетіп, жаңа техника сатып алу арқылы 8,8%-ға жаңарды. Жыл соңына дейін техника паркін 10%-ға дейін жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын несиелендіру көлемі едәуір артты: 26,4 млрд теңге бағытталған. Жетісай ауданы мен басқа да өңірлерде жаңа машиналық-технологиялық станциялар ашылып, жергілікті фермерлерге қолжетімді қызмет көрсетуде. Бұл станциялар арқылы техника мен заманауи технологияларды тиімді пайдалану, өнімділікті арттыру мен шығындарды азайту қамтамасыз етіледі.
Егін жинау науқаны нәтижесінде ауылшаруашылық өнімдерінің өнімділігі артты: мақта 1,4 есе, күріш – 2,3 есе өсті. Дәнді дақылдардан – 695 мың тонна, майлы дақылдардан – 54 мың тонна, картоптан – 298 мың тонна, бақша дақылдарынан – 1,7 млн тонна, ал мақтадан – 428 мың тонна өнім жиналды. Су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптарда өнімділік жоғары болып, суды пайдалану тиімділігі екі есе артты.
Сонымен қатар, тыңайтқыштарды ғылыми негізде енгізу және аграрлық несиелендіру арқылы фермерлердің өндірістік әлеуетін арттыруға ерекше мән берілуде. Мұның барлығы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуда шешуші рөл атқарады.
Түркістан облысының аграрлық жетістіктері – мемлекеттік қолдау, инновациялық технологияларды енгізу, шаруалардың кәсіби еңбекқорлығы мен инфрақұрылымды жаңарту нәтижесі. Алдағы жылдары осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, өнімділіктің әрі қарай өсуі, жаңа технологиялардың кеңінен қолданылуы және аграрлық сектордың халықаралық стандарттарға сәйкес дамуы жоспарлануда.
