Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Заң үстемдігі орнықпай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты шарты», – деп атап өткен болатын. Президент айқындаған бұл міндет бүгінгі қоғам үшін аса өзекті бағыттардың біріне айналып отыр. Себебі құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру – уақыт талабынан туындаған маңызды қажеттілік. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысы, Кентау қаласында тұрғындардың құқықтық және қаржылық мәдениетін қалыптастыруға арналған мазмұнды семинар-кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық білімін арттыру, қаржылық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және қоғамда заңға деген құрметті күшейту. Кездесу барысында тұрғындарға несие рәсімдеу тәртібі, қаржылық міндеттемелерді тиімді басқару, жеке қаржыны жоспарлау, алаяқтық әрекеттерден қорғану жолдары, сондай-ақ азаматтардың заң аясындағы құқықтарын қорғау тетіктері кеңінен түсіндірілді. Әсіресе соңғы жылдары жиілеп кеткен интернет-алаяқтық, жалған несие рәсімдеу, онлайн қаржы пирамидалары секілді қауіптердің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Практикалық мысалдар мен өмірлік жағдайлар негізінде ұсынылған ақпарат қатысушылардың қызығушылығын арттырып, еркін пікір алмасу алаңына ұласты. Семинарға арнайы шақырылған сарапшылар қатарында «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай, «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков, сондай-ақ PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова болды. Мамандар өз салалары бойынша маңызды әрі пайдалы ақпараттар ұсынып, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға нақты жауап берді. Сарапшылардың айтуынша, құқықтық және қаржылық сауаттылық – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығының негізі. Қаржылық сауатсыздық азаматтарды түрлі экономикалық қиындықтарға ұрындырып қана қоймай, психологиялық күйзеліске, әлеуметтік мәселелердің туындауына да әсер етеді. Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу – қоғамның әл-ауқатын арттырудың маңызды тетігі. Іс-шара соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби мамандардан нақты кеңестер алды. Қатысушылар мұндай ашық форматтағы кездесулердің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта да құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған танымдық әрі пайдалы іс-шаралардың жалғасуына қолдау білдірді.
