Басты жаңалықтар

ЖЕТІСАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАУЫНДАРЫ РЕСЕЙГЕ ЖӨНЕЛТІЛУДЕ

Түркістан облысының Жетісай ауданында биылғы егін науқанының алғашқы нәтижелері экспортпен басталды. Аудан диқандары өсірген алғашқы қауын өнімдері Ресей Федерациясына жөнелтіліп, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің шетел нарығындағы сұранысын арттыруда. Бұл – өңір аграршыларының еңбегінің нәтижесі әрі Жетісайдың бақша шаруашылығындағы әлеуетінің айқын көрінісі.

Аудан бойынша жалпы көлемі 79,3 мың гектар суармалы жер пайдаланылуда. Оның 43 мың гектарына мақта дақылы, 16,7 мың гектарына бақша өнімдері, 7,5 мың гектарына жүгері, 3,6 мың гектарына көкөніс және 6,7 мың гектарына малазықтық дақылдар егілген. Қазіргі уақытта көкөніс алқаптарынан 36 мың тоннадан астам өнім жиналып, ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталуда.

Бақша дақылдарының ішінде қауын биыл ерте пісіп, бірінші болып нарыққа шықты. Ж. Ералиев ауылдық округіндегі шаруашылық иесі Әл-Фараби Күзенбаев «Нұр-Бакинка» және «Дампера» сортты қауындарды 50 гектар жерге егіп, алғашқы 100 тонна өнімін Ресейге экспорттауда. Қауын өнімінің бір келісі егістік басынан 400 теңгеден саудалануда.

Шаруа қожалығының төрағасы биылғы маусымның сәтті басталғанын атап өтті.
«Биыл ауа райы қолайлы болып, өнім ерте пісті. Нарықта сұраныс жоғары. Ағын су мәселелеріне қарамастан, қауын алқаптарында тапшылық болған жоқ. Өнімді өзіміз тиеп, тікелей шетелге жөнелтіп отырмыз. Бұл біз үшін де, аудан экономикасы үшін де тиімді», – дейді ол.

Қауын өсірумен қатар аталған шаруашылық 250 гектар алқапқа мақта дақылын еккен. Қазіргі таңда шаруашылықта 30-ға жуық жергілікті тұрғын маусымдық және тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жұмысшыларға төленетін күнделікті жалақы көлемі 8–12 мың теңге аралығында. Алдағы мақсат – әр гектар жерден орта есеппен 400 центнерге дейін сапалы өнім алу.

Жалпы, Жетісай ауданы Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы саласының жетекші өңірлерінің бірі саналады. Ауданның қолайлы климаты, суармалы жерлердің молдығы және диқандардың көпжылдық тәжірибесі бақша өнімдерін тұрақты әрі жоғары көлемде өндіруге мүмкіндік беріп отыр. 2023 жылы аудан бойынша 110 мың тонна мақта, 549 мың тонна бақша өнімдері, 88,8 мың тонна көкөніс, 46,1 мың тонна дәнді-бұршақты дақылдар және 67,7 мың тонна малазықтық өнім өндірілген.

Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сақтау және экспорттау инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Логистикалық тетіктерді жетілдіру, диқандарды мемлекеттік қолдау бағдарламаларына тарту және су үнемдеу технологияларын енгізу – өнім көлемі мен сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі.

Айта кетейік, Жетісай диқандары алдағы уақытта да қауын мен өзге бақша дақылдарын экспорттау көлемін ұлғайтып, жаңа нарықтарға шығуды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етпек.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТ: УТВЕРЖДЕНЫ МЕСТНЫЕ ГРАНТЫ НА ОБРАЗОВАНИЕ В 2025–2026 УЧЕБНОМ ГОДУ

bastynews

АКИМ ШЫМКЕНТА ПРОГОЛОСОВАЛ НА РЕФЕРЕНДУМЕ ПО АЭС

bastynews

Қазақстанда азық-түлік тағы да қымбаттайды

Bastynews