Түркістан облысында зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақы алушылардың жалпы саны 760 286 адамды құрайды. Оның ішінде 205 610 азамат жасына байланысты зейнетақы алса, 188 746 тұрғын базалық зейнетақы төлемімен қамтылған. Ал 365 930 адам әртүрлі санаттағы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алып отыр. Бұл туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Марат Архаров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, департамент тарапынан 2025 жылдың 11 айында халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша барлығы 168 018 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Атап айтқанда, «Е-maket» ақпараттық жүйесі арқылы тағайындалған әлеуметтік төлемдердің жалпы саны 305 566-ға жеткен. Оның 136 879-ы алғаш рет тағайындалған төлемдер болса, 168 687-і азаматтардың өтініштері негізінде қайта қаралып, бекітілген.
– Түркістан облысы бойынша 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақылардың мөлшерін арттыруға қатысты барлық ұйымдастыру және есептеу жұмыстары толық жүргізіліп, төлемдерге жолданды. Жасына байланысты зейнетақы мөлшері 10 пайызға ұлғайтылды. Ал базалық зейнетақы төлемі күнкөріс деңгейінің жаңартылған мөлшеріне сәйкес артты, – деді Марат Архаров.
Сонымен қатар брифинг барысында облыстағы мүгедектігі бар азаматтардың санына қатысты деректер де айтылды. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдар саны 102 526-ға жеткен. Бұл көрсеткіш республика бойынша тіркелген мүгедектердің жалпы санының 13,7 пайызын құрайды. Оның ішінде 15 524 адам немесе 15,1 пайызы – мүгедектігі бар балалар болса, 87 002 азамат немесе 84,8 пайызы – 18 жастан асқан ересектер. Сондай-ақ аталған кезеңде 6 398 адам алғаш рет мүгедек болып танылған.
Марат Аманғалиұлының айтуынша, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау, оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында техникалық оңалту құралдары, арнайы әлеуметтік қызметтер және өзге де қолдау шаралары көрсетілуде.
Бұдан бөлек, департамент тарапынан халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамалардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу жұмыстары да жүйелі түрде атқарылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін бұл бағытта 104 тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша 55 нысанға жалпы сомасы 10 млн 223,2 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Оның ішінде 9 млн 751,4 мың теңгесі өндірілген.
Брифинг қорытындысында спикер әлеуметтік төлемдерді уақтылы әрі сапалы тағайындау, азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету департамент қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
