Түркістан облысындағы «Балауса» жазғы лагерінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Табиғаты әсем, балаларға барлық жағдай жасалған демалыс аймағында 10 бағыт бойынша мәдени, шығармашылық және спорттық іс-шаралар мен сайыстар ұйымдастырылды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров балалармен жүздесіп, олардың көрмелерін, өнертабыстарын тамашалап, бірге асық ойнап, төл мерекелерімен құттықтады.
– Құрметті балалар! Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Балалар – біздің өміріміздің мәні. Сондықтан олардың бақытты балалық шағына бәріміз жауаптымыз. Оқушылардың қауіпсіз ортасы, сапалы білімі мен тәрбиесі – біздің басты назарымызда болуы тиіс. Қазіргі таңда облысымызда бала құқығын қорғау, денсаулығын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жаңа білім ордалары бой көтеріп, шығармашылық пен спорттық орталықтар ашылып жатыр. Биыл облыста 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алуда. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында 40 мыңға жуық оқушы тегін спорттық және өнер үйірмелерімен қамтылған. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан астам балаға арнайы қолдау көрсетілуде. Жаз айларында 31 жазғы сауықтыру лагері 43 мыңнан астам балаға қызмет көрсетеді. Бюджеттен қосымша қаржы қаралып, 52 жаңа модульді лагерь соғылып, тағы 7 500 баланы қамтуға жағдай жасалуда. Сіздер – туған еліміздің болашағысыздар. Армандарыңыз асқақ болсын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке тілеймін! – деді облыс басшысы.
Мерекелік жиында білім мен өнер, спорт саласында жетістіктерге жеткен 20 оқушыға алғысхат пен 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Сонымен қатар өңір басшысы 10 ерекше баланы арнайы марапаттап, олардың жетістігін елге үлгі етті. Мерекеге қатысқан 150 балаға облыс әкімінің сыйлықтары мен естелік заттар беріліп, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Іс-шара барысында балалар үшін шығармашылық шеберлік сабақтары, спорттық ойындар, викториналар, көрмелер мен фотогалереялар ұйымдастырылды. Оқушылар өз өнерін паш етіп, жаңа білім мен дағдыларға ие болды. Сонымен бірге балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін дәріптеуге арналған ақпараттық стендтер ұсынылып, жас қатысушыларға патриоттық тәрбие берілді.
Бұл мерекелік шаралар балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету, олардың таланттары мен қабілеттерін дамытуға жағдай жасау, жас ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа және жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған. Түркістан облысы осындай бастамалар арқылы балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.
Балалар – біздің мақтанышымыз, болашағымыздың кепілі!
