Келес ауданында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Рәміздері күніне орай «Рәміздер елдігімнің реңі, теңдігімнің тірегі» атты мәдени салтанатты шара өтті. Абай ауылындағы орталық алаңда ұйымдастырылған іс-шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, тұрғындарды мәртебелі мерекемен құттықтады.
– 1992 жылғы дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер барлық уақыт пен заманда қоғамдағы әр адам үшін қастерлі де, қасиетті. Олар халықтың бостандығы мен тәуелсіздігін бейнелейді, оның құндылықтары мен қасиетті жерлерін, ата-бабалар жадын және жаңа ұрпақтың болашақ жетістіктерін білдіреді. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын! Рәміздер күні құтты да, берекелі болып, ел бірлігі жасай берсін, – деді аудан басшысы.
Салтанатты жиын барысында еліміздің көк байрағы әуе шары арқылы көкке көтеріліп, барлық қатысушылардың назарына ұсынылды. Ту көтеру рәсімі мерекелік бағдарламаға ұласып, патриоттық рухты арттырды. Мерекелік шарада Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұжымы патриоттық әндер шырқап, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік пен ынтымақты дәріптеді.
Айта кетейік, 1992 жылдың қаңтарында Мемлекеттік ту, Елтаңба және Гимннің жобасын дайындау туралы республикалық байқау жарияланды. Сол жылы тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны бекітіліп, 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданған. Бұл маңызды құжаттар мен рәміздер – еліміздің тәуелсіздігін, бірлігін және мәдени құндылықтарын білдіретін символдар.
Шара барысында аудан тұрғындары мен жасөспірімдерге арналған патриоттық викториналар, сурет көрмелері және шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, балалар мен жастарға рәміздердің тарихы мен мәнін түсіндіретін ақпараттық стендтер ұсынылды. Бұл іс-шара өскелең ұрпаққа мемлекеттік рәміздердің маңызын ұғындыруға, патриоттық сананы қалыптастыруға бағытталған.
Мерекелік шара соңында аудан басшысы барлық қатысушыларға Рәміздер күні мерекесінің мәнін түсіндіріп, елдің бірлігі мен татулығын сақтау – әрбір азаматтың борышы екенін атап өтті. Осындай салтанатты іс-шаралар Қазақстанның тәуелсіздігін дәріптеп, мемлекеттік рәміздердің мәртебесін биікте ұстап, елдегі патриоттық рухты нығайтуға үлес қосады.
