Ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТҰРҒЫНДАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысында азаматтардың құқықтарын қорғау, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп қағидатын нығайту мақсатында «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» атты жылжымалы қоғамдық қабылдаулар жалғасуда. Аталған бастама Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, өңір тұрғындарына құқықтық көмекті барынша қолжетімді етуге бағытталған.

Іс-шаралар Сарыағаш, Қазығұрт және Арыс аудандарында ұйымдастырылып, сондай-ақ Түркістан қаласында да өтті. Қоғамдық қабылдауларға облыс және қала прокуратурасының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік мекемелер мамандары қатысты. Олар тұрғындарды жеке қабылдап, көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қабылдау барысында азаматтар әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар, еңбек қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, алимент өндіру, кәсіпкерлік қызмет, құқық бұзушылықтардың алдын алу және сот шешімдерінің орындалуына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Әрбір өтініш пен шағым мұқият қаралып, заң талаптарына сәйкес нақты жауаптар берілді. Кейбір мәселелер сол мезетте шешімін тапса, қосымша тексеруді қажет ететін өтініштер тиісті мекемелерге жолданды.

Сонымен қатар қабылдау барысында тұрғындарға өз құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі, құқықтық дауларды заңды жолмен шешу тетіктері туралы кеңінен түсіндірілді. Мұндай форматтағы кездесулер азаматтардың мемлекеттік органдармен тікелей байланыс орнатуына, ашық диалог жүргізуіне және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде. Жалпы алғанда, қоғамдық қабылдаулар барысында өңірдің әр ауданынан келген жүзге жуық азаматқа тегін әрі сапалы құқықтық көмек көрсетілді.

Олжас Мұсаев, Түркістан қаласы прокурорының орынбасары:
– Бұл шараның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық мәселелерін тыңдап, оларды жедел әрі заң шеңберінде шешу жолдарын қарастыру. Сонымен қатар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайту және қоғамда заң мен тәртіп қағидатын күшейту маңызды. Мұндай қоғамдық қабылдаулар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Қатысты жаңалықтар

Бірінші сыныпқа 352 091 оқушы қабылданды

Bastynews

ПОЗНАНЬ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ ВОЙЦЕХ АНТКОВИАК ШЫМКЕНТ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ

bastynews

ШЫМКЕНТТЕ КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ЖАС ЧЕМПИОНДАР АНЫҚТАЛАДЫ

bastynews