Түркістан облысы және Шымкент қаласының әкімдігімен Шымкент қаласында туроператорларының қатысуымен өңірлік туризмді дамытуға арналған жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – екі өңір арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, туристік өнімдерді бірлесе ілгерілету, инфрақұрылымды жетілдіру және сала өкілдері арасындағы байланыстарды нығайту болды.
Кездесуге Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Шымкент қаласының әкім орынбасары Арман Сабитов, облыстық және қалалық туризм басқармаларының басшылары, туристік компаниялардың жетекшілері және туризм қауымдастығының өкілдері қатысты.
Жиында тараптар Түркістан мен Шымкенттің туристік әлеуетін таныстырып, жаңа туристік бағыттарды дамыту, туристік пакеттерді біріктіру, инфрақұрылымды жетілдіру, екі өңір арасындағы туристік ағымды көбейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар ішкі туризмді жандандыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.
Туроператорлар үшін Түркістан қаласындағы жаңа туристік нысандар, тарихи-мәдени орталықтар, мәдени іс-шаралар, қонақ үй және сервистік мүмкіндіктер жөнінде толық ақпарат ұсынылды. Қатысушылар өңірдің тартымдылығын арттыру үшін ақпараттық турлар ұйымдастыру, ортақ маркетингтік кампаниялар өткізу, туристік маршруттарды біріктіру және әлеуметтік желілерде бірлескен насихат жүргізу бойынша тәжірибе алмасты.
Кездесу қорытындысында екі жақ та:
- туризм саласында өзара қолдау көрсетуге,
- бірлескен жобаларды іске асыруға,
- өңірдің туристік брендін насихаттауға дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар, болашақ жоспарлар аясында:
- ортақ туристік көрмелер мен ақпараттық-насихаттық іс-шаралар өткізу,
- туристік маршруттар бойынша оқыту семинарларын ұйымдастыру,
- туристік өнімдер бойынша біріккен цифрлық каталогтар жасау,
- туристер үшін үйлестірілген мәдени, тарихи және табиғи бағыттарды дамыту көзделген.
Осы шаралар Түркістан мен Шымкенттің туристік әлеуетін арттырып, ішкі және сыртқы туристік ағынды көбейтуге, өңірлердің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаруға мүмкіндік береді. Әсіресе тарихи-мәдени орындарды насихаттау, заманауи сервистік инфрақұрылым құру және туристік тәжірибені жақсарту өңірлердің халықаралық туризмдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
