Басты жаңалықтар

ШЫМКЕНТ МЕГАПОЛИСІНДЕГІ М.ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПРОФЕССОР АСМА АХМЕТҚЫЗЫ ҚАЛЫБЕКОВА АТЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ОҚУ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Білім мен ғылымның ірі орталығы, Қазақстанның үшінші мегаполисі — Шымкент қаласында отандық педагогика ғылымының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Ахметқызы Қалыбекованың 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық деңгейдегі маңызды ғылыми іс-шара өтті. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде профессордың есімі берілген ғылыми оқу залы салтанатты түрде ашылды.

Бұл бастама — академиялық сабақтастықты сақтау, ұлттық білім беру жүйесіндегі тұлғалық капиталды насихаттау және жас ғалымдарды ғылыми ізденіске ынталандыру бағытында университет жүзеге асырып отырған стратегиялық қадамдардың бірі. Оқу залының ашылу рәсімінде университеттің Басқарма төрағасы-ректордың м.у.а. Ернар Имангалиұлы лентаны қиып, профессордың ғылыми мұрасын келешек ұрпаққа аманаттаудың маңыздылығына тоқталды.

Салтанатты шара аясында өткен «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Түркия, Ресей (Санкт-Петербург), Өзбекстан және еліміздің барлық өңірлерінен келген жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары мен білім саласының майталмандары қатысты. Олар профессор Қалыбекованың ұлттық педагогика, этнопедагогика, тұлғалық даму, білім философиясы және инклюзивті білім беру бағыттарындағы зерттеулерін жоғары бағалап, оның ғылыми мектебі қазіргі таңда да өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

Ғылыми оқу залында ғалымның ұзақ жылдық ғылыми-педагогикалық қызметінің нәтижелері: авторлық оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулықтар, монографиялар, халықаралық ғылыми журналдарда жарық көрген мақалалары, сонымен қатар шәкірттерімен бірлесіп жазылған ғылыми еңбектер мен архивтік материалдар, фотоқұжаттар жинақталған. Бұл кеңістік – білім алушылар мен жас зерттеушілер үшін ұлттық педагогиканың теориялық және практикалық негіздерін терең игеруге арналған ашық ғылыми платформа.

Асма Ахметқызы – ұстаз ғана емес, педагогикалық мәдениеттің символына айналған тұлға. Оның ғылымға, тәрбиеге, рухани жаңғыру мен адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесі – тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған бірегей миссия болды. Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде еліміздегі және шетелдегі жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, білім беру ұйымдарында табысты еңбек етіп келеді.

Профессордың ізгілікті тұлғасы, қарапайымдылығы мен адамдық болмысы жайлы замандастары мен әріптестері жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар ұстаздың әрбір әрекеті мен сөзінің тәрбиелік мәні зор екенін, оның ұстанған кәсіби және адами ұстанымдары өскелең ұрпаққа үлгі болатынын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, конференция барысында Анкара университеті мен Санкт-Петербург мемлекеттік мәдениет институты атынан құттықтау хаттар табысталды. Бұл — Асма Ахметқызының ғылыми еңбектерінің халықаралық деңгейде мойындалғанының нақты дәлелі.

Ғалымның есімімен аталатын оқу залының ашылуы — Шымкент мегаполисінде орналасқан М.Әуезов университетінің академиялық экожүйесін дамытудағы маңызды кезең. Бұл ғылыми кеңістік жас зерттеушілер мен болашақ педагогтар үшін ұлттық тәрбие мен заманауи педагогиканы ұштастыра отырып, сапалы білім мен жаңа идеяларды генерациялайтын инновациялық ортаға айналмақ.

Қатысты жаңалықтар

Тоқаев халыққа маңызды үндеу жасады

Bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ МЕН МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

bastynews

«Благо успел»: полицейский спас жизнь девушке в Шымкенте

bastynews