«TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық форумы қаламыздың дамуында маңызды кезеңдердің бірі болды. Шетелдік инвесторлар, халықаралық компания өкілдері, сондай-ақ өңірге қызығушылық танытқан кәсіпкерлер Түркістанға келіп, қаланың әлеуетімен жан-жақты танысты.
Форум барысында инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және туризмді дамыту бағыттары кеңінен талқыланды. Түркістанның географиялық орналасуы, логистикалық артықшылықтары, жас әрі еңбекке қабілетті халқы инвесторлар үшін ерекше қызығушылық тудырды.
Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің дәл Түркістан арқылы өтуі қаламызды ірі транзиттік және сауда орталығына айналдыруға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қала маңындағы индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер инвесторларға заманауи инфрақұрылым мен өндірістік алаңдарды ұсынады.
Форум аясында ұсынылған жобалар Түркістан қаласының экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туризмді жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. G2B форматында өткен кездесулерде шетелдік инвесторлармен бірқатар өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды, бұл жобалардың іске асуын жеделдетеді.
Жақын жылдары, 2025–2028 жылдарға жоспарланған 100-ден аса инвестициялық жобаның бір бөлігі тікелей Түркістан қаласының дамуына бағытталмақ. Биылдың өзінде ондаған жаңа өндіріс орындары іске қосылып, мыңдаған азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Форум аясында қалада туризмді дамытуға бағытталған арнайы мәдени және көрме бағдарламалары ұйымдастырылып, шетелдік қонақтар тарихи-мәдени мұралармен, туристік инфрақұрылыммен танысты. Қонақтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы сияқты тарихи орындарды аралап, өңірдің мәдени және туристік әлеуетін жоғары бағалады. Сонымен қатар, инвесторларға заманауи логистика, өнеркәсіптік аймақтар мен экономикалық даму жоспарлары көрсетілді.
Форум барысында Түркістан қаласының стратегиялық даму жоспарлары таныстырылды:
- Индустриалды аймақтарда жаңа кәсіпорындар ашу және шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту;
- Туризм саласында жаңа қонақ үйлер, мәдени-сауда орталықтары, экскурсиялық маршруттар құру;
- Инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жолдар мен логистикалық жүйелерді жаңарту;
- Қалада жастар мен кәсіпкерлерге арналған инновациялық хабтар мен стартап орталықтарын құру.
Бүгінгі халықаралық форум біздің қаланың халықаралық деңгейдегі серіктес болуға дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Түркістанның инвестициялық тартымдылығы артып, қаланың экономикалық дамуы, жаңа өндірістердің ашылуы және туризмнің өркендеуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Форум нәтижесінде қазірге дейін 25 шетелдік және отандық инвестор жобаларын іске асыруға келісім беріп, жалпы инвестициялық құны 45 млрд теңгеден асатын жобаларға қол қойылды. Бұл жобалар қала экономикасын жандандырып, 3 500-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Түркістан қаласының стратегиялық дамуы мен халықаралық серіктестік байланыстарын нығайтуға бағытталған «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» форумы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруда жаңа кезеңнің бастамасы болып табылады.
