Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірде энергия тапшылығын шешуге бағытталған ірі жобаларға тоқталды.
– Мемлекет басшысы жасыл экономика, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі екенін атап өтті. Өңірімізге қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көздерден тасымалдауға мәжбүрміз. Аталған мәселені шешу үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Сонымен қатар күн, су және жел электр станцияларын көбейту бағытында инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, – деді Нұралхан Көшеров.
Қуат көздеріне қатысты ауқымды жобалар:
- Сайрам ауданындағы бу-газ станциясы
- Қуаты: 1000 МВт
- Құны: 800 млрд. теңге
- Құрылыс мерзімі: келесі жылы аяқтау жоспарлануда
- Жобаны «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландыруда
- Кентау қаласындағы газ турбина станциясы
- Қуаты: 240 МВт
- Құны: 155 млрд. теңге
- Құрылыс мерзімі: 2 жыл
- Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестор есебінен салынуда
- Түлкібас ауданындағы бу-газ станциясы
- Қуаты: 320 МВт
- Іске асыру мерзімі: 2025–2027 жылдар
- Сауран ауданындағы күн электр станциясы
- Қуаты: 485 МВт
- Іске асыру мерзімі: 2025–2027 жылдар
- Бәйдібек ауданындағы жел электр станциясы
- Қуаты: 350 МВт
- Іске асыру мерзімі: 2026–2028 жылдар
Барлық жобаларды іске асыру нәтижесінде экономикаға жалпы 1,8 трлн. теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Бұл қуат өңірдегі жаңа өндірістерді ашуға, индустриалды аймақтарды дамытуға және тұрғындардың электрмен тұрақты қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, облыс әкімдігі электр станцияларын салумен қатар жасыл энергияны дамытуға ерекше мән беріп, күн мен жел энергетикасына арналған жаңа жобаларды да қолға алуда. Бұл экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, өңірде энергияға тәуелділікті азайтуға септігін тигізеді.
Түркістан облысында энергетика инфрақұрылымын жаңғырту мен қуат көздерін көбейту жұмыстары алдағы жылдарда да жалғасып, облысты электр қуатымен толық қамтамасыз ету, жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарға энергия жеткізу басты мақсат болып отыр.
