Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 10 АЙДА 1,2 ТРЛН. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛЫП, ЖАҢА ЗАУЫТТАР АШЫЛДЫ

Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті биыл айтарлықтай артты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Сыртқы экономикалық байланыстар дамып, инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын өндірістік алаңшалар қарастырылған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Облыстың инвестициялық әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында жалпы құны 2,6 трлн. теңге болатын 111 инвестициялық жоба пулы әзірленіп, оның негізгі басымдықтары энергетика мен баламалы энергия көздерін дамыту, ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, логистика және инфрақұрылым салалары болып белгіленді. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд. теңге салық түседі.

Биылғы жылдың 10 айында жалпы құны 340 млрд. теңгеге 58 жобаны іске асыру жоспарланып, 8 220 жұмыс орны құрылды. Сол кезеңде 41 жоба (180 млрд. теңге) толық іске қосылып, 5 322 жұмыс орны ашылды. Осы атқарылған жұмыстар нәтижесінде өңір экономикасына 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылып, өсім 124,2 пайызға жетті.

Түркістан облысында ашылған жаңа зауыттар мен өндіріс орындары өңірдің индустриалды әлеуетін арттырумен қатар, импорттық тауарларды алмастыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Биыл іске қосылған жобалар қатарына Созақ ауданындағы табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны – 35 млрд. теңге, 300 жұмыс орны), Отырар ауданындағы мақта өңдеу зауыттары («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны – 21 млрд. теңге, 960 жұмыс орны), Түлкібас ауданында RC Cola сусындарын өндіретін зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны – 9 млрд. теңге, 96 жұмыс орны), Сайрам ауданындағы заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны – 8,5 млрд. теңге, 150 жұмыс орны) және Ордабасы ауданындағы алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны – 8 млрд. теңге, 150 жұмыс орны) кіреді.

Сонымен қатар, Түркістан маңында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. 100 гектар аумақта жүзеге асырылатын жоба аясында 152 ғимарат салынып, 6 040 жұмыс орны құрылуы жоспарланған. Жоба І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылып, 1 220 жұмыс орны ашылды. Парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар ашылып, 27 млрд. теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткізілген.

Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылып, 30 млрд. теңгеге 115 жобаны іске асыру арқылы 1 124 жұмыс орны құрылмақ. «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салынып, 100 жұмыс орны ашылады.

Энергетика саласында да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ электр станциясы құрылып, Кентау қаласында 240 МВт қуатты газ турбина станциясы салынады. Түлкібас ауданында 320 МВт қуатты бу-газ станциясы және Сауран ауданында 2 күн электр станциясы жобалары әзірленуде. Бәйдібек ауданында 350 МВт қуатты жел электр станциясының құжаттары рәсімделіп, іске асыру мерзімі 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде экономикаға жалпы 1,8 трлн. теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі.

Жалпы, аталған шаралар Түркістан облысының индустриалды-инвестициялық әлеуетін арттыруға, жаңа өндірістерді ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және өңір тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта индустриалды аймақтарда және арнайы экономикалық алаңдарда жаңа жобалар іске қосылып, инвестициялық тартымдылық одан әрі күшейтіледі деп жоспарлануда.

Қатысты жаңалықтар

Алматы облысында селфи жасамақ болған екі жеткіншек көз жұмды

Bastynews

ШЫМКЕНТ: ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ МЕДИЦИНА ЖЕТІСТІКТЕРІ

Bastynews

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!

bastynews