Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірде шағын өндірістік парктер мен өндірістік алаңдардың құрылуы мен дамуы туралы баяндады.
Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салынып, 6 040 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 1 220 жұмыс орны ашылып, бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылды.
– Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару жабдықтары, сусын, мұздатқыш құрылғылар және құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар ашылды. Отандық өндірісті дамыту арқылы 27 млрд. теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиһаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығару мүмкіндігі туды, – деді Нұралхан Көшеров.
Шағын өндірістік алаңдарды дамытуда жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Әр аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпорындар мен зауыттар ашылуда.
Мысалы:
- Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылып, 30 млрд. теңгеге 115 жоба іске асырылып, 1 124 жұмыс орны құрылуы жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде.
- Ордабасы ауданында 10,5 гектар аумақта орналасқан «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салынып жатыр. Инвестиция көлемі – 10,4 млрд. теңге, 100 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жалпы, облыс бойынша 21 шағын өндірістік алаң құрылып, негізгі бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке бұйымдар, химия өнімдері өндірісі мен жеңіл өнеркәсіп айқындалған. Бүгінгі таңда 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы олар толық аяқталып, жұмысын бастайды.
Шағын өндірістік парктердің құрылуы өңірдегі индустриалды әлеуетті арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті өнім өндіруді дамытуға және импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе барлық аудандар мен қалаларда енгізіліп, облыстың экономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталуда.
