Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және индустриалды аймақтарды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Осы бағытта Ордабасы ауданы, «Бадам» индустриалды аймағында орналасқан «KazKioti» ЖШС базасында «Стекло Rez» ЖШС-нің шыны өңдеу және шыныны жоғары температурада шынықтыру жобасы іске қосылды.
Жаңа кәсіпорын айына 20 000 шаршы метр шыны өндіруге қауқарлы. Жалпы инвестициялық құны 710 млн теңге. Өндіріс цехында 2 ауысымда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – Ордабасы ауданы үшін маңызды әрі инновациялық жобалардың бірі болып табылады.
Сондай – ақ, Кәсіпорын Италиядан жеткізілген заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Жоғары температурада шыныны өңдеудің арқасында өнімнің беріктігі артқан, оның сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Шикізат Ресей, Түрікменстан және Қызылорда қаласындағы «OrdaGlass» ЖШС табақ шыны зауытынан жеткізіледі.
Өндірілген шыны автокөліктерге, техникалық құралдарға, заманауи архитектуралық нысандардың фасадтық терезелеріне, сондай-ақ интерьер және әртүрлі өнеркәсіптік мақсаттағы өнімдерге қолданылады. Мұның барлығы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді. 10 тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындардың еңбекпен қамтылуы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, болашақта өндіріс көлемі мен жұмыс орындарының саны ұлғайтылып, жаңа инвестициялық жобаларды тартуға жол ашылады.
Облыс әкімдігі өндірісті дамыту арқылы Түркістан өңірін индустриалды және инновациялық аймаққа айналдыруға ерекше мән беріп отыр. «Стекло Rez» ЖШС жобасы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, жаңа технологияларды енгізу, өндіріс саласында тәжірибе алмасу және өңір экономикасына қосымша табыс әкелу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып есептеледі.
Сонымен қатар, кәсіпорынның өнімдері өңірдегі құрылыс, өнеркәсіп және көлік салаларына қажетті материалдармен қамтамасыз ету арқылы инвестициялық тартымдылықты арттырады. Жоба болашақта Түркістан облысының индустриялық даму картасында жаңа кәсіпорын ретінде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
