Қоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жыл басынан бері облыстық полиция департаментіне 5 мыңға жуық тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша хабарлама түскен. Барлық дерек мұқият тексеріліп, тиісті шаралар қабылданған. Полиция қызметкерлері құрбандарды қорғау мақсатында 3 153 қорғау нұсқамасын шығарды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің басшысы Жанар Қалабаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Маманның айтуынша, жыл басынан бері бірнеше кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізілген. Атап айтқанда, «Тұрмыс» және «Есептегі тұрған тұлғалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары екі кезеңде жүзеге асырылды. Сонымен қатар, 20 сәуірден 20 маусымға дейін «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз – Қазақстан!» атты челлендж-флешмоб форматындағы акция өтті. Ал 27 тамыздан 10 қыркүйекке дейін «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы ұйымдастырылды.

Әр аптаның демалыс күндері өңірдің барлық қала және аудандарында «Бір нүктелік» профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Нәтижесінде аса ауыр қылмыстардың көрсеткіші 87,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, полиция департаментінің өтініші бойынша соттар 591 құқық бұзушының мінез-құлқына арнайы талаптар белгілеген.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып жүргізілуде. Облыс аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға арналған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Полиция қызметкерлері тұрақты түрде мекенжайларға барып, қиын жағдайдағы отбасыларды анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Нәтижесінде мемлекеттің көмегіне мұқтаж 58 отбасы тіркеліп, оларға тиісті қолдау шаралары көрсетілді.

Сонымен қатар, облыста психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында арнайы бағдарламалар іске қосылды. Қоғамдық ұйымдар мен психолог мамандар тұрмыстық жанжалдардан зардап шеккен азаматтарға тегін кеңестер мен психологиялық көмек көрсетуде. Бұл бастамалар зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын қорғауға және отбасыдағы шиеленістерді шешуге ықпал етеді.

Түркістан облысында білім беру ұйымдары мен мектептерде де профилактикалық сабақтар өткізіліп, жастар мен оқушыларға отбасылық құндылықтар мен зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде ақпарат беріліп жатыр. «Отбасы — қоғамның негізі» ұранымен ұйымдастырылған семинарлар, тренингтер мен шеберлік сыныптары халық арасында үлкен қызығушылыққа ие болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту, зорлық-зомбылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілмек. Түркістан облысының тәжірибесі басқа өңірлерге үлгі болып, отбасы институтын қорғау мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кешенді шаралардың тиімділігін көрсетеді

Қатысты жаңалықтар

Масылдық -қоғамға жабысқан дерт

Bastynews

Елімізге ерекше серпіліс берді

Bastynews

Шымкентте тазалық пен тәртіпті бұзғандар жауапқа тартылды

bastynews