Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ БІЛІМ САПАСЫН КӨТЕРУ БАҒЫТЫНДА ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЕНГІЗІЛУДЕ

▪️Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың арасындағы келеңсіз жағдайларды алдын алу жөніндегі штаб отырысы өтті. Жиында өзекті мәселелер талданып, нақты шаралар жоспарланды. Штаб отырысын облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, жауапты сала басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

▪️Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, барлық аудан, қала әкімдіктерінде арнайы штабтар құрылғанын атап өтті. Ол Түркістан облысында білім беру саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Соның ішінде педагог-психологтардың жұмысын толықтай цифрлық форматқа көшіру жоспарланған.

▪️Қазіргі таңда Түлкібас, Қазығұрт аудандары мен Арыс қаласында «We Global AI платформасы» сәтті іске қосылды. Бұл автоматтандырылған жүйе мектеп психологтарының жұмысын тиімді етіп, нақты әрі жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Платформа балалардың психоэмоционалдық жағдайын қадағалап, қауіп туындаған жағдайда педагогтарға және ата-аналарға дер кезінде хабарлау қызметін атқарады. Сонымен қатар, бұл бастама ірі елді мекендермен шектелмей, шалғай ауылдардағы балалардың да психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

▪️«Түркістан облысы психологиялық қолдау орталығы» КММ директорының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Баймұхамедова балалармен жүргізілген жұмыстар мен сауалнама нәтижелерін баяндады. Оның айтуынша, оқушылардың психоэмоционалдық бақылауы, алдын алу шаралары және уақытылы көмек көрсету жүйесі тұрақты түрде жүргізілуде. Арнайы мамандар мектептерде психологиялық кеңес беру, топтық сабақтар мен тренингтер өткізіп, балалардың әлеуметтік адаптациясын арттыруға үлес қосуда.

▪️Сонымен қатар жиында кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілген іс-шаралар туралы аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары есеп берді. Бұл жұмыстарға құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері және әлеуметтік қызметтер белсенді тартылған. Қауіп төнген балалар мен отбасыларға психологиялық қолдау көрсету, құқықтық білім беру, құқық бұзушылыққа жол бермеу бойынша профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылған.

▪️Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуді, білім беру саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу бойынша жұмыстарды жандандыруды, «WeGlobal.AI» платформасының тиімділігін арттыру және оны барлық аудандарда толыққанды іске қосу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, платформаның жұмысын бақылау, педагог-психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру және психологиялық қауіпсіздік бойынша әдістемелік құралдарды әзірлеу мәселелері де назарға алынды.

▪️Аталған шаралар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге, білім беру сапасын арттыруға және облыстағы балалардың психоэмоционалдық денсаулығын сақтау бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді.

Қатысты жаңалықтар

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ ҚАЛМЕН МҰРАТОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕРЕКЕЛІК МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ

bastynews

Қазақстанда алғаш рет сурдоаудармасы бар білім беру порталы іске қосылды.

Bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ БАҒЫТЫНДАҒЫ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ЖАНДАНАДЫ

bastynews