Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ТУРИЗМНІҢ ДАМУЫ МЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ

Түркістан облысы тарихи-мәдени мұра мен заманауи инфрақұрылымның үйлесімін көрсететін аймаққа айналды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша облысқа келген туристер саны 611,5 мың адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға өскен (2023 ж. – 562,8 мың адам). Бұл көрсеткіш облыстың туризм саласындағы өсімінің нақты дәлелі болып отыр.

Облыстың 2029 жылға дейінгі стратегиясына сәйкес, туристер саны 1 млн адамға жеткізілуі жоспарлануда. Сол мақсатта әртүрлі категориядағы туристерге нақты көрсеткіштер белгіленген: орналастыру орындарында демалған туристер саны – 550 мың адам, табиғи аумақтарға келген туристер саны – 200 мың, ал емдік-сауықтыру орындарына келген туристер саны – 250 мың адам.

Түркістан облысында 245 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) жұмыс істейді. 2018 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 71%-ға артқан. 2024 жылы орналастыру орындарында демалғандар саны 302,8 мың адамға жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 100%-ға өскен. Табиғи аумақтарға барған туристер саны 128,6 мың адамды құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 277%-ға артқан.

Түркістан облысы туризм саласын дамытуға 442,6 млрд теңгеден астам инвестиция тартты. 2025 жылдың 6 ай қорытындысымен негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 54,2 млрд теңгені құрады: тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету – 33 млрд теңге, өнер, ойын-сауық және демалыс – 21,2 млрд теңге.

Ағымдағы жылы іске асырылатын жобалар қатарында:

  • «Lords Heir» қонақ үйі, «Khan Palace 2» қонақ үйі, «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйлері;
  • «Болашақ құрылыс» ЖШС демалыс аймағы;
  • 2025 жылы жалпы соммасы 49,4 млрд теңгені құрайтын 47 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылуы жоспарланған.

Сондай-ақ, Түркістан қаласында «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешені іске қосылды. Инвестиция сомасы – 88,5 млрд теңге. 121 нөмірлік қоры бар 5 жұлдызды «Rixos Turkistan» қонақ үйі 10,3 млрд теңге инвестициямен құрылды. Экологиялық туризмді дамыту үшін Төлеби ауданында «Alma-tau» қонақ үй кешені құрылысы аяқталды (инвестиция – 3 млрд теңге).

Туристерге арналған жаңа маршруттар мен бағдарламалар дамуда. 2025 жылы облыстың туристік нысандарына экскурсиялар мен 15 жаңа туристік маршрут ұсынылады. Сонымен қатар, Алматыдағы «SilkTour» туроператорының филиалы Түркістанда ашылып, Алматы-Түркістан бағытында 3 күн 2 түндік турпакеттерді нарыққа шығарып, адам басына 49 мың теңге бағамен ұсынды. Бағдарламаға ұшақ билеттері мен қонақ үйде түнеу кіреді.

Түркістан облысының туризм саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Туристер саны өсіп, инфрақұрылым жақсаруда, ал тартылған инвестициялар туризмді әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді. Облыс туристік әлеуетін арттыру арқылы тарихи, мәдени және экологиялық туризмнің дамуына үлес қосып отыр.

Қатысты жаңалықтар

Мейрамбек Беспаев: «Ақшаға қырылып қалған өзге ұлт көрмедім»

Bastynews

КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖЕТІСТІКТЕР МЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ

bastynews

ТҮРКІСТАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

bastynews