Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Оның ішінде 125,61 шақырымы – бірінші кезекте қардан тазаланатын және инертті материалдар себілетін орталық учаскелер. Биыл қаладағы асфальт жолдардың көлемі 66,7 пайызға дейін артты, бұл қысқы маусымда қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды көрсеткіш болып отыр.
Қысқы маусымға дайындық мақсатында қаланың коммуналдық мекемелері мен арнайы қызметтері жан-жақты дайындық жүргізді. «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС, «Жасыл ел» ЖШС, «Түркістан Су» МКК және «SK Geokard» ЖШС мекемелері 12 КДМ және 18 тракторды қысқы жұмыстарға әзірледі. Сонымен қатар, инфрақұрылым, құрылыс және жол бөлімдері, «Жасыл Түркістан» КММ және «Жол қызметі» мекемелері тарапынан 10 жүк тиегіш пен 22 «Камаз» техникасы дайын тұр.
Қар тазалау және көктайғақтың алдын алу жұмыстарында жалпы 52 арнайы техника мен 550 қызметкер жұмылдырылмақ. Қажетті материалдар қоры да толық қамтамасыз етілген: инертті материалдардан 310 тонна құм және 500 тонна тұз дайын.
Магистральды көшелерді қардан тазалау үш бағыт бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар 31 қосымша көше, 5 саябақ, Әкімшілік-іскерлік орталық аумағы, Рухани-мәдени орталық және Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтар белгіленген кезекпен қардан тазартылады.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қысқы дайындық барысын тексеру мақсатында коммуналдық ұйымдардың жұмыс базаларын аралады. Ол техникалардың толық жарақтандырылғанын, қажетті құрал-жабдықтардың жеткілікті екенін және қызметкерлердің дайындық деңгейін назарға алды. Сонымен қатар, қала аумағында қар тазалау, көктайғақтың алдын алу және жедел әрекет ету шараларының нақты жоспарын пысықтап, жауапты мекемелерге дайындықты күшейтуді тапсырды.
Әзімбек Пазылбекұлы қысқы кезеңде тұрғындар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жұмыстар уақытылы және сапалы жүргізілуі керегін атап өтті. Сондай-ақ, қала тұрғындарын жол қозғалысына сақ болуға, көктайғақ кезінде қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырды.
Қысқы маусымға әзірленген арнайы техника, дайындалған материал қоры және қызметкерлердің толық мобилизациясы Түркістан қаласында қар мен көктайғаққа қарсы жұмыстардың тиімді жүзеге асуына кепілдік береді. Жоспар бойынша, қысқы кезеңде барлық негізгі және қосымша көшелерде қар тазалау, тұз себу және жол қозғалысын қауіпсіз ету жұмыстары үздіксіз жүргізілмек.
