Шымкент қаласында жастардың белсенді өмір салтын қалыптастыру, фан-қозғалыстың мәдениетін дамыту және еріктілік құндылықтарын дәріптеу мақсатында өткен «Shymkent Fan Club» спорттық би байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.

Бұл байқау – «Шымкент жастар лигасы» жобасы аясында жалпы білім беру мекемелеріндегі фан-клубтардың бірлескен жұмысының айқын жемісі. Мектеп фан-клубтары тек спорттық ойындарда жанкүйерлік танытумен шектелмей, шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетіп, командалық рухтың шынайы үлгісін көрсетті.
Биылғы додада қаланың 5 ауданынан өткен іріктеу кезеңдерінде жүзден жүйрік шыққан 21 мектеп финалда бақ сынады. Қатысушылар өз мектептерінің намысын қорғап, заманауи және серпінді би нөмірлерін ұсынды. Сахнадағы әр қимыл, әр ырғақ – бірлік пен жігердің, жастық жалынның көрінісі болды.

Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін 10 балдық жүйемен бағалап, командалардың ұжымдық би үйлесімділігіне, киім үлгісіне, ұран мен музыканың үндестігіне, сахна мәдениетіне ерекше назар аударды. Нәтижесінде үздік атанған мектептер анықталды:
🏆 Бас жүлде — Циолковский атындағы №84 жалпы орта мектебі
🥇 1 орын — №99 мектеп-гимназиясы
🥈 2 орын — Д.И. Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейі
🥉 3 орын — З. Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейі

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетерлігі, байқаудың жүлде қоры да ерекше болды:
Бас жүлдеге – 15 велосипед, І орынға – 15 смартфон, ІІ орынға – 15 смарт-сағат, ІІІ орынға – 15 брендбук табысталды.

Фан-клуб жобасының басты құндылығы – жастарды ұйымшылдыққа, мәдениетті жанкүйер болуға және шығармашылыққа баулу. Әр мектеп фан-клубы өзіндік ұраны, эмблемасы мен бірыңғай киім үлгісі арқылы мектеп рухын көрсетті.
Бұл жоба – жастардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастырып қана қоймай, еріктілік пен командалық бірліктің маңызын ұғындырды. Байқау барысында оқушылар өздерінің би өнерін шыңдап, ұжымдық жұмыс пен өзара қолдаудың қадірін түсінді.

Жоба аясындағы семинар-тренингтер мен видео-сабақтар фан-клуб мүшелеріне үлкен тәжірибе беріп, олардың көшбасшылық және ұйымдастырушылық қасиеттерін арттырды.
Қорытындылай келе, «Shymkent Fan Club» спорттық би байқауы – бұл тек би сайысы емес, жастардың бірлігі мен шығармашылығын паш еткен, олардың бойындағы энергияны игі іске бағыттаған рухани мереке болды.
Шымкенттің жас фан-клубтары – белсенділік пен мәдениетті жанкүйерліктің символы!
Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас ұрпақтың дамуына, еріктілік пен патриоттық рухтың қалыптасуына үлкен серпін беретіні сөзсіз.
