Соңғы жаңалықтар

«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕ МЕДИА ЖӘНЕ БЕЙБІТШІЛІК ЖУРНАЛИСТИКАСЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ТҮРКІСТАНДА ӨТТІ

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде медиа, этика және жасанды интеллекттің өзара байланысына арналған маңызды дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлінің бастамасымен және университеттің қолдауымен өткізілді.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев медиа саласындағы өзгерістер мен жасанды интеллекттің ықпалы туралы пікір білдіріп, университеттің аймақтағы ғылыми-техникалық прогреске қосып отырған үлесін атап өтті. Ол жасанды интеллекттің медиа саласында ақпаратты өңдеуді жылдамдату, деректерді талдау және аудиториямен өзара байланыс орнату сияқты маңызды мүмкіндіктерді беретінін жеткізді.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, медиа саласының, журналистика мен блогерлік қоғамдастықтарының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жасанды интеллекттің медиа мен журналистика саласына ықпалын, сондай-ақ қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа әсерін талқылады.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА жанындағы Республикалық журналистер мен блогерлер клубының жетекшісі Алишер Сатыбалдиев этносаралық қатынастар тақырыбында ақпарат таратуда барынша сақтық таныту қажеттігін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, кез келген дерек көзінің растығына көз жеткізбей жарияланған ақпарат қоғам ішінде түсінбеушілік туғызып, әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан журналистер мен медиа өкілдерін этносаралық саладағы ақпаратты тексеріп, салмақты және жауапкершілікпен таратуға шақырды.

Сонымен қатар, «Жанубий Қозоғистон» газетінің директор-бас редакторы Р.Алибаев қазіргі технология дамыған заманда жасанды интеллекттің біздің өмірімізге енуі заңдылық екенін атап өтті. Ол AI құралдарын газет және дәстүрлі БАҚ құралдарында ақпаратты тиімді, тартымды әрі қоғамға пайдалы етіп жеткізу мақсатында қолдану қажеттігін айтты. Сонымен қатар, жасанды интеллект арқылы редакциялық процестерді автоматтандыру, деректерді талдау және оқырман сұранысына бағытталған контент жасау мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.

Іс-шара сессиялық отырыстармен жалғасты. Қатысушылар «Жасанды интеллект дәуіріндегі медианың бейбітшілік миссиясы» және «Қоғамдық қатынастардағы бейбітшілік тілі» тақырыптарын талқылады. Сессия барысында жасанды интеллекттің журналистикадағы рөлі, этикалық стандарттарды сақтау, ақпаратты дұрыс жеткізу, сонымен қатар қоғамдағы татулық пен сенімді нығайтуға бағытталған медиа стратегиялары қарастырылды.

Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар медиа саласында жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерін, этикалық нормаларды сақтау және бейбітшілік журналистикасын дамыту жолдарын нақтылау мақсатында бірқатар ұсыныстар жасады. Іс-шара журналистер, медиа сарапшылар мен ғылым өкілдеріне тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды тиімді қолдану және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту бағытында маңызды алаң болды.

Түркістандағы бұл іс-шара жасанды интеллект дәуірінде журналистика мен медианың қоғамдағы бейбітшілік миссиясын одан әрі дамытуға, ақпараттық сауаттылықты көтеруге және заманауи технологияларды тиімді пайдалану мәселелерін кеңінен талқылауға бағытталған.

Қатысты жаңалықтар

ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТІП, ЖАНАШЫР БОЛА БІЛГЕН ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР

Bastynews

Найзағай ойнап, жел соғады

Bastynews

ЖАЛҒА БЕРІЛГЕН БАСПАНАНЫҢ 50 ТҰРҒЫНЫНА ЕСКЕРТУ БЕРІЛДІ

Bastynews